Ядролық сынақтардың зардабы жойылған жоқ

Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына биыл 30 жыл.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлт мүддесі үшін қабылдаған шешімі күллі әлемді бейбітшілікке үндегені сөзсіз. Алайда ядролық аждаһаның уытынан жергілікті халықтың қашан біржола құтылатыны беймәлім. Мәселе ғылыми, саяси-құқықтық, әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан зерделенген кешенді шараны қажет етеді. Бұл бағытта қазір қандай іс атқарылды?

Олжас Қасым бұрынғы Абыралы ауданының тумасы. Туған ауылы Таңат – Семей ядролық сынақ полигонына тақау орналасқан елді мекендердің бірі. Мұндағы халық 40 жылдық сынақтан зардап шеккендердің бірінші санатына жатады. Әлеуметтік жәрдемақы алу құқығын растайтын полигон құжатын бәрі де алған. Осындай полигон кітапшасы Олжасқа да берілген.  

Олжас Қасым, Абыралы өңірінің тумасы:

– Ол кітапшаның ешқандай көмегі тиіп жатқан жоқ, өзімнің қазір жасым 30-дан асып кетті. Не Семейде жүргенде алған жоқпыз, не осы жаққа келгенде алған жоқпыз. Мен жұмыс істейтін орындарымнан сұрастырып көрдім, кітапшаны бердім. Осындай заң бар екен, бізге әлеуметтік көмектер жасалу керек екен деп сұрап көргенмін. «Жоқ, ондай бізде жоқ. Семей өңірінде ғана әлеуметтік көмек беріледі»,– деді.  Бұл жақта берілмейді деген сияқтыларды айтты.

Иә, ядролық сынақтардан зардап шеккен халық отыз жылда ауылдан қалаға, қаладан өзге өңірлерге үдере көшті. Кейін облыс жабылған кезде бұл көш тағы жалғасты. Олжас туған Таңат сынды ауылдар елсіз қалды. Жұрт көшкенмен радиация жұртта қалған жоқ. Сол байырғы тұрғындардың бойында кетті. Ал аймақтан көшкен адамдар үшін әлеуметтік қолдау мен өтемақыны заң жүзінде өндіру қиын. Заңгер Әнуар Ысқақов бұған қолданыстағы заңның қарама-қайшылығы себеп дейді. 

Әнуар Ысқақов, заңгер:

– Әлеуметтік қолдау туралы заңның 13-бабы әлеуметтік қолдау шаралары деп аталады. Сонымен бірге жеңілдіктер мен өтемақы туралы бап бар. Яғни, бұл жеке ұғым. Бас прокуратураның айтуынша, өтемақы бұл жеке ұғым, әлеуметтік қолдау шарасының оған қатысы жоқ. Экологиялық еңбек демалысы, жалақыға қосымша төленетін жәрдемақы – міне осылар әлеуметтік қолдауға жатады. Бас прокуратураның пікірінше, полигоннан зардап шеккен адамдар өзге аймаққа көшкен жағдайда бір жолғы жәрдемақы алуға құқылы. Бірақ, экологиялық демалыс, үстемақы сынды әлеуметтік қолдаудан қол үзеді. Түптеп келгенде, әлеуметтік қолдауға барлығы да кірмей ме?

Сорақысы сол, радиацияның сәулесі, зардабы ұрпақтан-ұрпаққа тарайды. Яғни, полигон аумағынан аулақ кеткен күннің өзінде ағзада қала береді. Медицина осылай дейді.

Талғат Молдағалиев, Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры:

– Радиациялық сәулелену дозасы екінші -үшінші ұрпаққа тарайды. Сол себепті олар денсаулықтарын үнемі бақылап, дәрігерлік тексеруден өтуге тиіс. Яғни, кімде кім полигонға жақын аумақтан болса, немесе ата-анасы, ата-әжесі осында өмір сүрсе – біз олардың бәрін радиогендік қатердегі топқа жатқызамыз.

Радиогендік қатер демекші, биыл мәжіліс депутаттары әлеуметтік қолдауды радиациялық сәулелену деңгейіне қарай қарастыруды ұсынды. Ізінше бұл мәселені жан-жақты талдау үшін көктемде ведоствоаралық комиссия құрылған. Әзірге оның тек екі отырысы ғана өтті. 2017-2019 жылдар аралығында Семейде жүргізілген іргелі зерттеу жұмысы мен ведомстволар ұсынған мәліметтерді сарапқа сала отыра, комиссия заңға енгізілетін нақты ұсыныстар әзірлемек. 

Асқар Ниязов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директоры:

– Сіздің пайымдауыңыз бойынша, осы бір заңға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін? Ол жөнінде айту қазір ерте. Жол жағынан мен айта алмаймын. қанша уақыт алуы мүмкін ол? – енді ауқымды жұмыс екенін түсініп тұрмыз. Дегенмен қанша жылға созылуы мүмкін? – Жыл деп айтпаймын енді. Жылға созылмауға тиіс.  

Біздегі жағдай әзірге осы. Ал өзге елдер қайтеді? Бір ғана АҚШ-ты алайық. Сынақтардан зардап шеккендердің денсаулығын оңалтып, тиісті қолдау көрсету мәселесі осы Құрама Штаттарда да өзекті саналады.

Джонатан Гранофф, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті:

– АҚШ-тың батысындағы 400 мыңға жуық халық сынақтардың зардабын тартып келеді. Ақ қан, обыр дерті мен денсаулығының туа біткен ақаулары бар тұрғындар жеткілікті. 1946 жылы 1958 аралығындағы Маршал аралындағы жарылыстардың қуаты күніне Хиросимадағы жарылыстан 1,4 есе көп. Мыңдаған адамның денсаулығына орасан зор зардабы тиді. Америка халқы әлі күнге дейін бұдан бейхабар. Сондықтан ауру-сырқауды сынақтармен байланыстырмайды да. 

 Бір білгеніміз, қазір Невада штатында ядролық жүргізілген полигон аймағының шекарасын кеңейту жағдайы талқыланып жатыр. Оған қоса үкіметтен халықтан ресми түрде кешірім сұратуды көздейді. Ал біздің елде ядролық сынақтардан зардап-шеккендердің саны 1,5 млн. Жылдар бойы әзірленген ғылыми-медициналық тізімге 232 мыңы енген. Онда полигон аумғында туып, жылдар бойы өмір сүргендердің бірнеше буыны туралы мәлімет сақталған. Осыған сүйеніп онкологиялық дерттің тұқым қуалаушылығын ғалымдар әлі талай зерттейтін сыңайлы. Жаһандық ілімге керек іс. Бірақ ядролық аждаһаның уын жұтып, бойында уыты қалғандарға әзір одан қайран жоқ. 

Авторлары: Бақыт Топтаева, Әсем Өтешова, Жандос Сұлтанғаз