Жарылыс құрбандары жер қойнына тапсырылды

Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Солардың бірі – Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты Жамбыл жұрты, соңғы сапарға шығарып салды. Өрт сөндіруші әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде болған, жойқын жарылыстан қаза тапқан болатын. Оның артында ата-анасы, аңырап 5 баласы, тізесін құшақтап аяулы жары, ботадай боздап, бауырлары қалды.

Мейіржан – Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін. Ол да ағайын мен туысқа, дос пен бауырға әрдайым құшағын ашып, көмегін аямайтын. «Орындалмаған армандары көп еді. Тым ерте кетті. Жанымды айтқызбай ұғатын құлыным еді» дейді етегі жасқа толған анасы.

Айткүл Айманова, М.Аймановтың анасы:

– Жетіге қарай мен онымен хабарластым. –Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың? -деп едім. – Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ. Өртті сөндіре бастаған кезде жарылған ғой. Балалардың бәрі ұшып-ұшып кетті. Ол 1-2 баланы құтқарыпты. Өзі қайтадан қалған балаларға кіріп кетіпті. Содан шықпады ғой.

Мейіржан жақында ғана 45 жасқа толған еді. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсті. «Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Әлсізге қамқор, жалғандыққа жаны қас болатын. Кішкентайынан спортты серік етті» дейді тай-құлындай тебісіп, бірге өскен сыныптас достары.

Елмира Ізмағамбетова, М. Аймановтың сыныптасы:

– Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Төбемізден жай түскендей боп отыр. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін ба дегенде қыршынынан кетіп отыр.

Мейіржан Аймановтың артында аңырап ата-анасы, шырылдап 5 баласы, сыңарынан айырылған аққудай жалғанға лағынет айтып жан-жары, ботадай боздап бауырлары қалды. Тілсіз жау бір шаңырақты шайқалтып, қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Жалпы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан он үш азамат көз жұмды. Он үш өмір үзіліп, он үш тағдыр қиылды. Олар «елдің шетінде, желдің өтінде» жүріп, қандай қиындықты болса да қасқайып қарсы алатын нағыз ерлер еді. Жас ұрпақ ерлігі үлгі болған батырларды ешқашан ұмытпайды.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы