Жарылыстан қаза тапқан үш адамның дерегі әлі табылған жоқ

Жамбыл облысындағы болған жарылыстан қаза тапқан үш адамның дерегі әлі де табылмаған. Қазір іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондай-ақ ведомства басшысы қаза тапқандарды марапатау жайлы мәлімет берді. Оның айтуынша, қызметкерлерді ДНҚ сараптамасы бойынша анықтап, денелері табылғаннан кейін қосымша мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынылады.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

–Мемлекет басшысы қызметкерлердің ерлігін жоғары бағалап, алғыс білдірді. Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары «Халық қаһарманы» атағын алды. Ол алғашқы жарылыс болған кезде өрт сөндіруді, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастырған.  Бірнеше адамды аса қауіпті жерден алып шыққан. Содан соң, екінші жарылыс болып, соның салдарынан қаза тапты. Тәртіп бойынша бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен қайтыс болған офицерлер құрамы, ал үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен қатардағы құрам сарбаздары да марапатталады.