Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандардың балаларына көмек көрсетіледі

Қорғаныс министрлігі Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны ведомство басшысының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов мәлімдеді. Ол апат кезінде жарақат алып, ауруханада жатқан жандармен кездесті. Оларға министрлік тарапынан өтемақы берілетінін айтты. Одан бөлек, қаза тапқан қызметкерлердің балаларына қамқорлық көрсететінін жеткізді. Оқуға түсулеріне де жәрдемдеспек.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.