Ерлікпен қаза тапқан Арнұр Темірболатов оқиға орнына алғашқылардың бірі болып барған

Жамбылдағы жарылыс талай жанның жүрегіне жара салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жастардың кетіп жатқаны қабырғаны қайыстырып отыр. Арнұр Темірболатов бұл салада небәрі бес-ақ жыл жұмыс істеді. Осы аралықта өзін нағыз майталман маман екенін көрсетіп үлгерді. Бірде өрт құшағында қалып қойған үйден екі бірдей бүлдіршінді аман алып шыққан еді. Сол кезде жұрт «ерсің» деп арқасынан қаққан-ды. Бірақ ол өзін батырмын демеді.  

Өрімдей жас жігіт өрт сөндіру саласында 5-ақ жыл қызмет етіпті. Бірақ сол уақыт аралығында өзінің кәсіби шеберлігі мен еңбексүйгіштігінің арқасында талай жетістіктерге жетіп, әріптестерінің арасында биік абырой, беделге ие болған. Қызметіне деген мінсіз махаббаты оны әр кез алдыға жетелеп отырған. Оны анасының әрбір сөзінен аңғару қиын емес.

Алина Ноғайбаева, А.Темірболатовтың анасы:

- Ол өз жұмысын жан-тәнімен жақсы көретін еді. Адамдарға көмектесіп, қуаныш сыйлағанды көңілі қалап тұратын. Жүрегі кең, ақкөңіл еді. Ешкімге жоқ демейтін, қолынан келсе тұра жүгіретін. Түннің ішінде тапсырмасы түссе де дайын болатын. Әскери қоймадағы өртті сөндіруге де алқашқылардың бірі болып барыпты. Өзегім өртеніп отыр, бірақ қолымнан ештеңе келмейді.

Арнұрдың тәрбиесі мен азаматтығына туыстары риза. Кез келген жерде жағдайымызды сұрап, аңқылдап тұратын. Мейірімділігінде шек жоқ еді дейді жақындары. Арнұрдың артында 7 жасар қызы Дәмелі мен жан-жары, қан жылап анасы және үш бауыры қалды. Алайда ол аз ғана ғұмырында елге үлгі боларлықтай үлкен істер тындырды.

Сайлаукүл Атақожаева, А.Темірболатовтың туысы:

- «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді ғой, дәл сол балаға айтылған сияқты. Өте ақкөңіл еді, жүрегі кең еді. Кішкентай қызын жақсы көретін еді. Енді мектепке апарамын, киіндіремін деп отыр екен. Жете алмай кетті. Пендеміз ғой, кейде жетеміз арманға, кейде жете алмай қаламыз. Құдайға шүкір, артында Дәмелі деген қызы қалды. Жолдасы қалды, мамасы қалды, үш бауыры қалды.

Арнұр Темірболатов өрт сөндіру саласына кездейсоқ келген жоқ. Кішкентайынан алдына мақсат қойып, армандады. Ол үшін мықты болу керек екенін терең сезінді. Сол үшін спортты жанына серік етті. Адамдарды құтқаруға, әлсіздерге демеу болуға деген арманы оны алдаған жоқ. Достыққа адалдығы мен шынайлығы сыныптастарының арасында оның мәртебесін биік етіп тұратын.

Серік Жұмабеков, А.Темірболатовтың сыныптасы:

- Арнұр мектепте өте белсенді болды. Әсіресе, спорттық жарыстардың ортасында жүретін. Өте намысшыл еді. Барлығымызға қол-ұшын созып, көмектесуге дайын тұратын. Бала күнінен осы салада жұмыс істеуді армандады. Адамдарға көмектесуге асығатын. Сол арманына жетті де. Досқа адал, мейірімді болды.

Бүгін Жамбыл жұрты жарылыстан қаза тапқан батырларын еске алып, әскери бөлімнің алдына жиналды. Марқұмдардың суретіне гүл шоқтарын қойды. Шараға әскерилер мен өрт сөндірушілердің әріптестері, туған-туыстары мен қала тұрғындары қатысты.

Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.