Жарылыс кезінде 118 үй, 12 кәсіпкерлік және бірнеше әлеуметтік нысан қираған

Нақты шығын көлемі есептеліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалыпқа келтіру жұмыстары екі айдың ішінде толық аяқталуға тиіс. Жауаптылар осылай дейді. Әскери базада өрт толық өшкен жоқ. Мыңға жуық адам мен жүзден астам техника әлі де арпалысып жатыр.

Қойманың орны бықсып, түтін тоқтамай тұр. Бүгін түскі уақытта тағы бір жарылыс болды. Бұдан кейін дүмпу мүлдем болмайды деп ешкім кесіп айта алмайды. Әскери базаның төңірегі қоршауға алынған. Бірақ жұрт үйлеріне біртіндеп оралып, енді ес жиып жатыр. Елді мекендерде зақымданған 118 жылжымайтын мүліктің ­ 106 -ы тұрғын үйлер. Ең қатты зардап шеккен Қайнар ауылы болып отыр.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Қайнардағыларға құрылыс жүрген кезде өзіміздің есебімізден палантка құрып береміз. Тамақпен қамтамасыз етеміз. Негізінен барлық қалыпқа келтіретін жұмысты Үкіметтің берілетін қыржысына, оған жергілікті бюджеттен, одан кейін өзіміздің өңіріміздің демеушілерін тартатын боламыз.

Сондай-ақ медициналық пункт пен үш мектепке зақым келген. Оның екеуі бірінші қыркүйекке дейін қалыпқа келтірілмек. Жібек жолы ауылындағы білім ошағы апатты күйде болғандықтан, орнына жаңасы салынады. Бүгін зардап шеккен отбасылар мен науқастардың жағдайын білуге Сенат депутаттары да келген. Олар қаржылай көмек көрсетпек.

Абдалы Нұралиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Тергеу барысына байланысты қабылданып жатқан шараларға біз енді бақылау жасай алмаймыз. Десек те осы мәселеге байланысты шешіліп жатқан мәселелер біздің қарауымызда болады. Сенатта да бір күндік жалақы ретінде көмектер болады.

Бүгін таңертең Жамбылдағы мешіттерде төтенше жағдай кезінде шейіт болған азаматтардың рухына бағыштап құран оқылды. Жұрт аза тұтып, бірақатар шара тоқтатылды. Барлық мемлекеттік мекемелерде көк байрақ төмен түсірілді. Ата заң күніне орай өтуі тиіс 40-тан астам іс-шара тоқтатылды.

Нұрәлі Бақытұлы, орталық Һибатулла Тарази мешітінің найб имамы:

- Отанын қорғау жолында шейіттіктің бір дәрежесі деп айтады ғалымдарымыз. Сондықтан ол кісілердің дүниеден өтуі шейіттердің өтуімен санасақ та болады. Қалғанын Аллаға тапсырамыз. Әрине, тас түскен жеріне ауыр дейді. Қайғының емі сабыр дейді. Сондықтан отбасыларына, туған-туыстарына, ата-аналарына қайғырып көңіл айтамыз.

Айта кету керек, қарақат алған 35 адам ауруханада жатыр. Төртеуінің жағдайы ауыр. 13 адам қаза тапқан. Оның үшеуінің кім екені белгісіз. Сондай-ақ үш адам табылмай жатыр. Оларды іздестіруге 180 адам мен 40 техника жұмылдырылып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.