Тараздағы жарылыс: алыстағы ағайын аза тұтты

Түркияның Анкара, Ыстамбұл және Карабук қалаларында апат құрбандарының рухтарына арнап, құран бағышталды.

Елдің кабырғасын қайыстырған оқиғаға арналған жиын Анкараның ең ірі мешітінде өтті. Оған Түркияда білім алушы жастар мен азаматтарымыз, түрік бауырларымыз келіп, қайғымызға ортақтасты. Ыстамбұлдағы қандастарымыз да аза тұтты. Қожа Ахмет Яссауи атындағы ғылым қоры, ел қаһармандарының рухына құран бағыштады. Ыстамбұлдағы ағайын елде мұндай апаттар қайталанбасын дейді. Бұдан бөлек, Карабук қаласында білім алушы жастар да орталық мешітке келіп, көңіл айтты. Қайғымызға ортақтасқандардың тағы бір тобы - қазақ-түрік білім және зерттеу қорының азаматтары.

Елдос Тоқтарбай, докторант:

- Отан алдында ерлікпен каза тапқан отандастарымыздың рухы үшін бүгін Қазақстанда 29 тамыз Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Соның құрметіне орай Анкарада тұрып жатқан қазақтар орталық мешітте жиналып, рухтарына дұға етіп, Аллаһтан олардың жәннатта болуын тілеп, дұға етіп отырмыз. Басқа елде жүрсек те, отандастарымызды еске алып, құрмет тұтып, олардың рухына басымызды иіп отырмыз.

Нұржанат Әметбек, докторант:

- Еліміздің тағдыры - біздің тағдырымыз. Еліміздің қайғысы - біздің қайғымыз. Шетелде жүрген қазақтар болсақ та, осы қара хабарды естігенде отыра алмадық. Мешітке келіп, қайтыс болған азаматтарымызға дұға болғымыз келді. Қаза тапқандардың жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Еске сала кетейік, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді.

Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады

Соңғы дерек бойынша, сол жарылыстардың салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 14 адамға жетті.

27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай бойынша шұғыл жиналыс өткізіп, ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.

Бұған дейін жарылыста қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөні жариялаған болатынбыз.

Бүгін қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер, жер қойнына тапсырылды.

Әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды.

Ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Бүгін еліміздің барлық мешіттерінде қаза тапқандардың рухына бағышталып құранхатым оқылды.