425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Семей сынақ алаңында 40 жыл ішінде 500-ге жуық ядролық жарылыс болған

  • 125
  • UPD: 21:29, 29.08.2021

Семейдегі ядролық сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қалада дәстүрлі «Бейбітшілік акциясы» өтті. Жиын карантиндік шектеулер мен санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды. Оған қатысушылар «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешеніне гүл қойып, жарылыс құрбандарын еске алды. Халықтың ендігі тілегі - зардап шеккен халықтың әлеуметтік мәселелерін шешетін арнайы заң қабылданып, кешенді бағдарламалар қолға алынса дейді.

Семей сынақ алаңында 40 жыл ішінде 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, бір жарым миллион адам зардап шекті. Абай, Абыралы аудандары ғана емес, Павлодар, Қарағанды облыстарының полигонмен шектесетін елді мекен тұрғындары әртүрлі қауіпті кеселдерге ұшырады. 1989 жылы халық күшімен бастау алған «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі Орал Шәріпбаев сол кезде мектептегі ұстаздық қызметте болыпты. Оның ойынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы қуаты жағынан әлемдегі бестікке кіретін ядролық қарудан оңайшылықпен бас тартқан жоқ.

Орал Шәріпбаев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының мүшесі:

- Семей полигонының қасіреті - Семейдің қасіреті, адамзаттың қасіреті. Қазақстан халқының тек қана бейбітшілікті, әлемдегі тыныштықты қалаған ел екендігін бүкіл әлемге паш етті. Сөйтіп ядролық қару жөніндегі  бастаманың басы ретінде Елбасы жарлығымен жабылды. Бұл полигонның зардабы өте көп, осымен шектеліп қоймайды. Соның зардабын әлі тартып жатқанымыз бар. Біздің депутаттар, Президент, халқымыз бар, сол мәселені қайтадан көтеріп, ендігі мәселе әлеуметтік шаралар мен баптарды шешетін уақыт келген сияқты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Семейге жасаған сапары барысында бұл мәселелерге зор көңіл бөлу керектігін айтып, Үкіметке тапсырма берген.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Биыл әлемдегі пандемия мен еліміздегі карантиндік шектеу шараларына байланысты Семейдегі «Түйемойнақ» аралында мыңдаған адам жиналып, топталған жиын өткен жоқ. Дегенмен тарихи датаға байланысты қала және облыс басшылығы, зиялы қауым өкілдері «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешеніндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тарихқа тағзым етті.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күрестерге қатысы бар және сынақтар зардабын тікелей білетін шығысқазақстандықтар Елбасының ядролық қарудан бас тарту бастамасын қолдаушылардың үнемі алдыңғы қатарларында.

Бұрынғы Семей сынақ алаңының жер көлемі 18 мың шаршы шақырымнан асады. Оған Израиль, Бельгия, Словения сияқты мемлекеттер еркін сияды екен. 1992 жылдан бері бұл жерде Ұлттық ядролық орталық мамандары қыруар шаруа тындырды. Бүгінде кешенді зерттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мәселен, 1949 жылғы ең алғашқы ядролық сынақ жүргізілген алаңнан мыңнан астам ұңғыма қазылып, 2 миллионнан астам спектометрлік сынамалар алынды.

Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:

- Семей полигоны жабылғаннан кейін жас мемлекетіміз үшін үлкен міндеттер тұрды. 1992 жылы бұрынғы ядролық сынақ алаңын қауіпсіз аймаққа айналдырып, кешенді ғылыми-зерттеулер жүргізу үшін. Ұлттық ядролық орталық құрылды. Міне, тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында біз осы жауапты міндетті толық орындадық деп мақтанышпен айта аламын.

Болашақта бұрынғы Семей сынақ алаңы туралы арнайы заң қабылданады. Бұл туралы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков айтып отыр. Құжат қазір Мәжіліс қарауында жатыр. Ол қабылданса, полигон аумақтарын қоршау, күзету, бейбіт мақсатта пайдалану сияқты кешенді жоспарлар жүзеге асады.

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы