Ақтөбеде жүздеген волонтер провизорлық орталықтарға көмектесіп жүр

Олар пандемия басталғалы дәрігерлерге қолғабыс етіп келеді. Қазір еріктілер тобы оттегі баллондарын тасумен айналысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл провизорлық ауруханада қазір 128 науқас жатыр. Барлығының да өкпесі қысылып, оттегіне тәуелді болған. Медицина мекемесіне күн сайын 300 баллон жеткізіледі. Ал жұптасып кезекшілікке шығатын 6 оператордың 90 келілік темірді күні-түні тасуға күші жетпейді. Сондықтан волонтерлердің көмегі қажет-ақ. 

Әліби Әлім, волонтер:

- Біз қарап отыра алмадық. Былтырдан бері әрдайым медицина мекемелерімен байланыстамыз. Өткен жазда баллондар саны аз еді. Биыл тіпті 2-3 есе артқан. Сондықтан тез арада жиналу әдетке айналды. Бағыттап отыратын басшыларымыз да бар. Барлық уақытын қайырымдылыққа арнаған белсенділер де аз емес.

Оттегі желісінің орталығы әрбір аурухананың сыртына орнатылған. Осы жерге бекітілген баллондардағы ауа құбырлар арқылы палатаға жеткізіледі. Сырттағы еріктілер қызыл аймаққа кірмейді. Бұл тиімді әрі қауіпсіз. Өңірде қатерлі дерттің таралуы әлі де бәсеңсімей отыр. Осыған орай провизорлық орталық мамандары санитарлық талаптарды сақтауды өтінуде.

Майра Нұрғалиева, облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Қазір инфекциялық стационар науқастарға толы. Сондықтан тұрғындардан қарапайым қауіпсіздік шараларын ескеруді өтінеміз. Вакцина салдырып, дерттің белгілері байқалса қоғамнан оқшаулану қажет. Медициналық маскаларды да ұмытпаған жөн. Себебі аурудың таралуын тоқтату тұрғындардың қолында.

Тек бір ғана провизорлық орталықтың реанимация бөлімінде 15 науқас жатыр. Ауруханада бос орын жоқ. Дәрігерлер тынымсыз еңбек етуде. Еріктілердің көмекке келуі ақ халаттылар үшін психологиялық қолдау да болып отыр.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков