30 тамыз ҚР Конституциясы күні

Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 26 жыл толды.

Тәуелсіздік пен еркіндіктің, бірлік пен тұрақтылықтың тірегі саналатын мемлекеттік құжат бүкіл халықтың ерік-жігерінің көрінісі іспеттес. Оны дайындауға заң ғылымдарының белгілі академик, доктор, профессорлары атсалысты.

Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Сол кездегі Жоғарғы кеңес депутаттары мемлекеттің ең басты құжатын бекітті. Ата Заңның бұл нұсқасы парламенттік басқаруға негізделген болатын.

Кейін 1995 жылы құжат түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жаңа конституция жалпыхалықтық референдумға ұсынылды. Оның мәні демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық, президенттік республика құруға еді. Қоғамдық талқылау әрі дауыс беру қорытындысында құжат бірауыздан қолдау тапты. Мемлекет жаңа Конституцияға ие болды.

Ата Заң әлемдік тәжірибелерді ескере отырып дайындалды. Оған негізінен Франция Республикасының 1950 жылғы конституциясы арқау болды. Тарихи және ұлттық ерекшеліктер де назардан тыс қалған жоқ. Елімізде басқарудың президенттік формасы объективті деп қабылданды.

Осыдан кейін Ата Заңға бас-аяғы 5 рет өзгеріс енгізілді. Олар негізінен қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталды. Мәселен, 2017 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы құрылғанда оған конституциялық мәртебе берілді. Ал 2019 жылы елорда атауы Нұр-Сұлтанға ауысқанда құжаттың мәтіні түзелді. 2017 жылы Президенттің құзіретінде болып келген кей міндеттер Парламент пен Үкіметке жүктелді. Сол арқылы құжаттың саяси салмағы, қоғамдағы орыны арта түсті. Террористік қылмыс жасап, мемлекеттің мүддесіне нұқсан келтірген тұлғалар азаматтығынан айырылатын болды. Жер шетелдіктерге сатылмай, жалға да берілмейтін норма қабылданды. Бір сөзбен Конституция ел ертеңінің кепілі екенін дәлелдеді.

Рауан Мыңбаев