Қорғаныс министрлігі снаряд туралы желіде тараған видеоға түсінік берді

Қорғаныс министрлігі пайдалануға жарамсыз оқдәріні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ведомстволық ұйымы «Қазтехнология» акционерлік қоғамына береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің хабарлауынша, «Қазтехнология» АҚ ұйымы олардың құрамындағы жарылыс қаупі бар заттарды алып, оны жоя отырып, өндірісте кәдеге жарату процесін жүргізеді. Оқдәрінің сынықтары осындай үрдістен кейін ғана gosreestr.kz электрондық сауда алаңы арқылы сатуға қойылады.

Видеода көрсетілген снарядтардың сырты мен оқсауыты – бұл оқдәріні кәдеге жаратқаннан кейін алынған және электронды алаңдағы сауда арқылы жеке кәсіпорынға сатылған металл сынықтары.

Олар қоршаған ортаға ешқандай қауіп төндірмейді. Өндірістік база «Бақтияр-Group» ЖШС-ға тиесілі екені тексеру барысында анықталды. Оның аумағында қара металл сынықтары (күйдірілген металл, болат және шойын металл) сақталған. Аталған металды «Бақтияр-Group» ЖШС 2021 жылы 30 наурызда Түркістан облысы Арыс қаласында «Қазтехнология» АҚ-ның металл сынықтары қоймасымен жасалған шарт негізінде сатып алған.

«Бақтияр-Group» ЖШС хабарламаға сәйкес заңды мекенжайы: ҚР, Жамбыл облысы Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тіркелген. Бұл ұйымның түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, өңдеу және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы лицензиясы бар. 26 тамызда өрт шыққан Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы оқдәрі қоймасында мұндай оқдәрі сақталмағанын айта кеткен жөн.

Көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейік, желіде Байзақ ауданында жиналған снарядтар туралы видео тараған еді.