Түркістан тумасы – Нью-Йорктегі ең үлкен полиция учаскесінің басшысы

Әркімнің кіндік қаны тамған жері өзіне қашан да ыстық. Жақында ғана Нью-Йорк полиция департаментінің басшылық қызметіне тағайындалған жерлесіміз Игорь Пинхасов Қазақстанда дүниеге келгенін ерекше мақтан тұтанын және туған жерін әрқашан сағынатынын айтты.

Жақында ғана Нью-Йорк полициясының ресми парақшасында жарияланған бұл видеоны қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары жарыса бөлісе бастады. Нью-Йорк полиция департаментінің 105-бөлім басшысы лауазымына жерлесіміз Игорь Пинхасовтың тағайындалғанын естіген олар ақжолтай жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдады.

Игорь Пинхасов киелі Түркістанның тумасы. 1996 жылы ата-анасы және ағасымен бірге мұхит асып Америка Құрама Штаттына көшеді. «Бар жоғы 14 жасар балаға бөтен елге үйрену алғашқыда қиынға соқты. Дегенмен жылдар өте Нью-Йорк сияқты алып шахардың жылдам қарқынына ілесуге тура келді», – дейді ол.  

Игорь Пинхасов, Нью-Йорк полициясының бөлім басшысы:

–Бастапқыда бұл жерге үйрену өте қиын болды. Бір сәтте басқа әлемге түскендей күй кештік. Мен үшін де, ата-анам үшін де оңайға соқпады. Дегенмен бұл жақтағы өмірге бірте бірте үйрендім. Мектептегі 4 жылды осында оқып, кейін университетке түсіп қалыптасып кеттім.

Еңбек жолын 2004 жылы бастаған Игорь бүгінде Нью-Йорктегі ең үлкен полиция учаскесінің басшысы.  Қарамағындағы 105-ші бөлімнің аумағы 33 шаршы шақырымды алып жатыр. Полиция академиясының курсантынан құқық қорғау саласының білікті маманына айналу қажырлы еңбек пен терең ізденіспен ғана келеді дейді жерлесіміз.

Игорь Пинхасов, Нью-Йорк полициясының бөлім басшысы:

–Мен Нью-Йорктегі алғашқы орыс тілді полицейдің бірі болдым. Бәріне өз күшіммен жетуге тырыстым. Осы жылдар ішінде тергеуші, детектив, қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы сияқты бірқатар қызметтерді атқардым. Бірақ қандай жетістікке жетсем де Түркістаннан екенімді ешқашан ұмытқан емеспін.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Түркістан жерінде туып өскен Игорьдің әкесі ауылдастарына ерекше алғыс айтады. Қазақшаны емін еркін меңгерген әкей «көрші ақысы - тәңір ақысы» деген қағиданы ұстанатын кең пейілді қазақ халқы қолынан келген көмегін ешқашан аяған емес дейді.

Алексей Пинхасов, Игорь Пинхасовтың әкесі:

–Түркістанның адамдары сияқты халық әлемде жоқ. Себебі түркістандықтар қазақтың дархан даласы сияқты кең пейілді халық. Мен өзім ауданда жұмыс істеп, қойшылармен жиі кездесетінмін. Жолым түсіп қарапайым қой бағып жүрген малшының үйіне бара қалғанымда, келген қонағына ақ дастарханын жайып қарсы алатын.

Қазақстанның Нью-Йорк қаласындғы Бас Консулдығына жиналған Пинхасовтар әулеті жерлестерімен жиі-жиі кездесіп тұруға тырысатынын айтады. Адамның кіндік қаны тамған жер қашан да ыстық болады. Сол себепті арада қанша жыл өтсе де «мен Түркістандықпын» дегенді ұмытпаймыз, қайта мақтан тұтамыз дейді олар.

Авторы: Талғат Алманов