Таразда жарылыстан қаза тапқан «Халық Қаһарманына» ескерткіш орнатылады

Таразда Мейіржан Аймановқа ескерткіш орнатылады. Оны Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Бүгін жарылыс кезінде ерлікпен қаза тапқан әскерилер мен өртсөндірушілердің туған-туыстарына мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Мейіржан Аймановтың ерлігі ел есінде мәңгі қалады. Ол өзгені құтқару үшін өз өмірін берген жан. Оның туыстары да, қызметтегі әріптестері де оны батыл да батыр деп білсе, енді бүкіл ел оны қаһарман ретінде таниды. Бұл жолы да өмірі қыл үстінде тұрса да жарылыс кезінде бірнеше адамды ажалдан арашалап қалды. Бүгін оның ерлігі үшін «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, мемлекеттік награда ұлына табыс етілді.

Өміржан Айманов, М.Аймановтың інісі:

– Мемлекетіміздің президентіне алғысымды айтқым келеді. Осындай жоғары дәреже – Халық қаһарманы атағын беріп отырғанына. Жұртымыз аман болсын! Қаза тапқандар батырларымыз иманды болсын.

Сондай-ақ қаза тапқан 4 бірдей әскеридің жақындарына үшінші дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасы табысталды. Олар: әскери бөлімнің өрт сөндіру командасының бастығы Еркін Нәдірбеков, құтқарушы Руслан Жанболатов, механик жүргізуші Марат Мешінбай, әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Дәлібаев.

Жандос Дәлібаев, О.Дәлібаевтың ұлы:

Жауынгерлік қызметке түскен менің әкем. Қарауыл басшысының көмекшісі болып. Келесі жылы 60-қа толатын еді. Осы ерлігі қызмет барысындағы міндеті ғой. Парызы деп айтуға болады. Адал ақтық демі қалғанша орындады деп сенімді түрде айта аламын.

Төтенше жағдай кезінде қаза тапқандардың отбасыларына жәрдем беріледі. Марқұмдардың отбасының әлеуметтік паспорты жасалған. Бірқатары көпбалалы болса, дені отбасының асыруашысы болған.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Балалар, немерелер ешқандай қолдаусыз, көмексіз қалмайды. Үкімет тарапынан да көмек болады. Жергілікті билік атынан да көмек болады. Біз бұған демеушілерді де тартамыз. Ескерткіш Мейржанға орнатамыз. Себебі ол – келешек ұрпақ үшін үлгі.

Халық Қаһарманы Мейіржан Аймановтың ескерткіші 16 желтоқсанға дейін салынып бітеді. Ескерткіш Жеңіс саябағына қойылуы мүмкін.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә