Қызылорда облысында шөп бағасы бақылауда тұр

Қазалыда биыл 230 гектарға егілген жаздық бидайдың 126 гектары күйіп кетті.

Жоңышқа жылдағыдай үш емес, екі орым ғана өнім берген. Оның өзінде, гектарына 23 центнерден жиналған. Былтыр бұл меже 45 центнер шамасында болатын. Мұның басты себебі – өңірдегі қуаңшылық пен Сырдариядағы су деңгейінің өте төмен болуы. Биыл аудан бойынша 190 мыңдай төрт түлікке қыстық азық дайындау мәселесі өзекті күйде тұр. Ол үшін 119 мың тонна шөп, 28 мың тонна жем қажет. Қазір ауданда 61 мың тонна шөп бар. Шөп қорының 70 процентін, жемнің 20 процентін аудан шаруалары өз күштерімен дайындап жатыр. Қалғанын Ақтөбе облысы мен іргелес аудандардан сатып алмақ. Мал азығының бағасын қымбаттатпау үшін шаруашылықтармен меморандум жасалған.

Мұхтар Оразбаев, Қазалы ауданының әкімі:

– Біздің ауданда 20 арнайы техника, жатка, трактор, одан бөлек престеуші 16 техника, 15 бригада қазір толық жұмыс жасауда. Қуаңның бойы және Кәукей аумағындағы шабындық жерлер қазір шөптің шығымы жаман емес. Жергілікті жердегі шаруашылықтармен біз келісім жасап, аудан тұрғындарына шөп бағасын қымбаттатпау, қолжетімді бағада ұсынуға тапсырма беріліп, бақылауға алынуда.