Отандық өнімге сұраныс артты

Қостанай облысындағы «Дон Мар» зауытының өнімі шаруалардың талабы мен үдесінен шығып келеді.

Кәсіпорын соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтардың өндірісін екі есе арттырды. Отандық комбайн дестелегіштері Қазақстанда ғана емес, Ресейде де зор сұранысқа ие. Лисаков қаласының өнімі көрші елдің бірнеше аймағына жіберіледі.

Металл кесуші Ерболат Мырзақаевтың «Дон Мар» компаниясына келгеніне биыл он жыл толды. Шебер цехтағы барлық құрылғыны бес саусағындай біледі. Металл қию станогында бір ауысымда 80-ге жуық бөлшек шығарады.

Ерболат Мұрзақаев, металл кесуші:

– Өндірісте жұмыстың оңай түрі болмайды. Темір көтеріп шаршайсың. Бірақ жалақысы лайық. Ұжымымыз өте еңбекқор. Осы он жыл ішінде білген-түйгенімді жастарға үйретуден жалықпадым.

Толық циклды комбайн дестелегішіне қажетті кейбір ұсақ бөлшектер сырттан алынса, қалған бөлігі осы зауытта жасалады. Қазір бір агрегаттың отандық үлесі 65 процентке жеткен. Өндіріс орнында 180 адам еңбек етеді. Жұмыс тоқтаусыз бес учаскеде өтеді.

Сергей Бопп, цех бастығы:

–Күніне төрт дестелегіш шығарамыз. Ені 16 метрге дейін жетеді. Оған қоса тіркеме де болады. Нью Холланд, Джон Дир сияқты комбайндарға да дестелегіштерді арнайы тапсырыспен жасай аламыз.

«Дон Мар» зауыты 20 жылдан астам бұрын құрылды. Шығарылатын өнімі заманауи. Бағасы да қолжетімді. Кәсіпорын іске қосылғалы бес мыңнан артық комбайн орағы құрастырылды. Жарамдылық мерзімі ұзақ, сапасы жоғары болғандықтан алғашқы жасалған дестелегіштердің кейбірі әлі күнге дейін алқаптарда пайдаланылады.

Юлия Стригина, «Дон Мар» ЖШС директоры:

–Біздің өнімді еліміздің барлық аймақтары тұтынады. Ресейліктер тарапынан да қызығушылық жоғары. Соның ішінде Саратов, Самара, Орынбор, Барнаул, Омбы қалаларынан көптеп тапсырыс түседі.

Қыркүйек айында елордада машина жасаушылар одағының кезекті форумы өтеді. Жиынға «Дон Мар» компаниясының өкілдері де шақырту алған. Онда сала өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы жұмыс жоспарын белгілейді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров