Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқандардың жақындарына қандай көмек көрсетіледі

Бүгін Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Таразға ұшып келіп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 28349 әскери бөліміндегі өрт салдарын жою жөнінде жүргізіліп жатқан іс-шаралармен танысты, деп хабарлайды Хабар 24.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі жариялағандай, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов қазіргі уақытта жарылыс қаупі бар заттардан техникалық және әкімшілік аумақты, сыртқы және ішкі қоршауларды тазарту жүргізіліп жатқанын баяндады.

Хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілерді кинологтармен бірге іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Оқ-дәрілер қалдықтарының ұшу радиусын анықтау мақсатында ұшқышсыз ұшу құрылғыларының есептоптары жұмыс жүргізуде. 28349 әскери бөлімінің инфрақұрылымына келтірілген залалды бағалау үшін ҚР ҚМ Әскерлерді пәтерлерге орналастыру бас басқармасының комиссиясы жұмыс жасауда.

Оқ-дәрілердің бөлшектері 300 метрге, яғни базаның қоршауынан тек солтүстік және оңтүстік жаққа қарай ұшқаны анықталды. Базада снарядтар сақталмаған.

Бұдан басқа, Қорғаныс министрі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен әкімшілік ғимаратында «Халық Қаһарманы» атағы мен ордені берілген марқұм ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары полковник Мейіржан Қақпасынұлы Аймановтың туыстарымен кездесті.

 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штабында қорғаныс ведомствосының басшысы ТЖ министрі және Жамбыл облысының әкімімен бірге ҚК қызметкері Оразбек Дайраұлы Дәлібаев, ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, механик-жүргізуші сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және старшина Еркін Ерікбайұлы Нәдірбеков марқұмдардың отбасыларына III дәрежелі «Айбын» орденін тапсыру рәсіміне қатысты. Олардың бәрі 28349 әскери бөлімінде қызмет етті.

Осындай шаралар Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментінде де ұйымдастырылды.

Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ бастығының орынбасары Мейіржан Қаппасынұлы Айманов марқұмға «Халық қаһарманы» атағы мен ордені берілді.

Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Өрт сөндіру басшысының орынбасары – жедел кезекшісі Александр Николаевич Микропуло (марқұм) І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Жамбыл облысы ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ Тараз қаласы 3-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Арнұр Серікұлы Темірболатовтың (марқұм), 3-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушылар – Елдос Қадырбайұлы Сандыбаевтың (марқұм) және Тәңірберген Құдайбергенұлы Төребековтің (марқұм) отбасыларына берілді.

Қорғаныс ведомствосының басшысы ҚР Қарулы Күштерінің барлық жеке құрамының атынан көңіл айтты. Бүкіл отбасына және олардың кәмелетке толмаған балаларына қажетті әлеуметтік және материалдық көмек көрсетіледі.