Оралда жүздеген отбасы баспанасыз қалуы мүмкін

Оралда жаңадан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер қайта сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоныс тойын тойлауға дайындалып отырған үлескерлер аяқасты дау-дамаймен әлек болды. Үш ғимарат өндіріс орнының санитарлық аймағына салынған болып шықты. Сот құрылысқа рұқсат берген қала әкімдігі құжаттарының күшін жою туралы шешім шығарды. Алайда құрылыс компаниясы мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтары басқа.

Лаззат Намазова жаңа баспана алу үшін былтыр аядай пәтерін сатып жіберген. Кейін үлескер ретінде келешек еншісіндегі көпқабатты тұрғын үй жобасына қатысты. Қаражатты құрылыс компаниясына алдын ала толық төлеп тастапты. Ал құрылыс аяқталғанға дейін олар жалдамалы пәтерде тұрып келген. Биыл көктемде көптен күткен баспананы жалаң күйде алып, қосымша қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бәрі сәтімен бола келген уақытта ғимараттың заңсыз салынғанын естіді. Жайсыз жаңалық тұтас отбасыны уайымға батырып, шарасыз күйге түсірді.

Ләззат Намазова, қала тұрғыны:

- Қыстай күттік. Келіп қарай береміз. Біресе төбесін жауып жатты, біресе есігін қондырып жатты. Бір келгенімізде подъезді жасап жатты. Қуанышымызда шек болған жоқ. Енді ғана үйге қолымыз жетті деп отырғанда жаңағыдай бір сыбысты естідік. 5 ай болды ұйқымыз ұйқы емес, ішкен тамағымыз тамақ емес. Жүйкеге тиеді, әрине. Береке кетеді үйден. Үміттімін. Үйсіз жүрген адам қаншама. Ал мынау салынып тұрған үйді қалай бұзады, білмеймін енді. Ақылға сыймайтын нәрсе.

Жоспар бойынша биыл дәл осы аумақта 4 бірдей бесқабатты тұрғын үй кешені тапсырылуы керек болған. Ғимараттардың біреуі толық аяқталып, отбасылар көшіп те келді. Ал қалған үшеуіне қатысты жер дауы туындап отыр. Қос нысанның құрылысы тіптен аяқсыз қалды. Кәсіпорындар арасындағы келеңсіздік салдарынан қарапайым 400-ге жуық отбасы зардап шегіп отыр. Екі нар тірессе, ортада қара шыбын өледінің кебі келіп тұр.

Шаттық Слемғали, қала тұрғыны:

- Негізі бізге бұл үй шілдеде берілу керек. Кіруіміз керек еді. Бірақ әлі қолымызға құжат алған жоқпыз. Біз осыған дейін 2 баламен 70 мыңға пәтерде тұрдық. Сосын мамыр айында қай айда беретінін хабарласып білдік. Кілтті ала берсеңіздер болады, бірақ құжат әлі дайын болмайды деді. Сондықтан біз пәтерден көшіп кеттік осында.

Асылан Ақылдасов, қала тұрғыны:

- Осындай жағдаймен мына үйдің құрылысы тоқтатылды. Енді білмей жатырмыз. Бәрімізде отбасы бар. Мердігерден ешқандай жауап жоқ.

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек шағымданушы тараптың сотта әділ жеңіп шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы фейсбук парақшасында жариялап, санитарлық аймақта орналасқан 3 тұрғын үй кешеніне қатысты қала әкімдігі құжаттарының күші жойылғанын жазды.

Ал құрылыс компаниясының өкілдері сот шешімімен келіспей отыр.

Махамбет Батырғалиев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Ет өндірісі кәсіпорнының санитарлық аймағының көлемі құжаттарда ресми көрсетілмеген. Оны қала әкімдігі бекітуі керек. Екіншіден, министрліктердің келісімімен және Үкіметтің қаулысымен нақтыланған қаланың Бас жоспарына сүйенсек, құрылыс нысандары санитарлық аймаққа кіріп тұрған жоқ. Біздің жоба сарапшылардың оң қорытындысын алып қойған. Ғимаратты бұзу туралы соттың шешімі шыққан жоқ. Сондықтан біз өз құқығымызды қорғап, кикілжіңді шеше аламыз деп үміттенемін.

Әкімдіктегілер де дәл осындай пікірде. Санитарлық аймақтың нақты көлеміне қатысты жергілікті атқарушы органның қаулысы жоқ көрінеді.

Асхат Құлбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:

- Ет өндірісі кәсіпорнын салу кезінде 100-ден 299 метр аралығында санитарлық аймағының көлемі нақтыланады. Ал ол қала әкімдігінің қаулысы негізінде бекітілуі қажет. Ондай құжат рәсімделмеген. Қала сәулетшісі уәкілетті органның өкілі ретінде барлық құжаттарды түгел тексеру тиіс еді. Мұндай өрескел қателік жіберген маман қызметінен босатылды.

Мәселені қос тарапқа тиімді етіп шешуге саяси ұйым да күш салып көрді. Олар медиациялық жолмен оңтайландыруды ұсынған еді. Алайда шағымданушы тарап ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін дөп басып айтқан.

Кенесары Нұршинов, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары:

- Заң бар. Соттың шешімі бар. Біз бұдан ешқайда қашып кете алмаймыз. Біздің партия қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Айтып отырмын, 5 жиын өтті. Өзіміз сол Циалковский тұрғындарының үйлеріне де барып кездестік. Осы жерге келіп, қала басшылығын шақыртып, солармен тілдесу мақсатында да кездесу ұйымдастырдық. Енді еш нәтижесін бермей отыр.

Құрылысқа қатысты кей құжаттардың күші жойылғанымен көпқабатты тұрғын үйлерді бұзу туралы сот шешімі әлі шыққан жоқ. Даулы мәселе әлі ұзаққа созылуы мүмкін. Ал баспана алуды талай жылдан бері армандап келген жүздеген отбасы енді қайда барарын білмей дал болып отыр. Олар өз қаражатына салынған үйлерді бұздыруға мемлекет жол бермейді деген үмітте.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...