Қысты жылусыз өткіземіз бе – Көкшетаудағы көп қабатты үйдің тұрғындары

Жылдар бойы қордаланған мәселе әлі күнге дейін шешімін таппаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, бар мәселе шаһардағы қазандықтарда көрінеді. Өндіріліп отырған жылу энергиясы барлық ғимаратқа жеткіліксіз.

Валентина Кириленконың қыс жақындаған сайын уайымы басым. Сақылдаған аязды күндері үйінде отырып жылына алмайды. «Автоқалашық» ауданындағы баспанасы сәл жел соқса ұлып кететін көрінеді. Есік-терезесін және жылыту жүйесін жаңартқанымен жағдай өзгермеген. Түннің ішінде бөлмедегі ауа температурасы 17 градустан аспайтын көрінеді.

Валентина Кириленко, қала тұрғыны:

– Мен әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына арыз жазған едім. Мамандар келіп, үйдегі ауа температурасын өлшеп, салқын екендігіне көздері жетті. Бірақ ешқандай өзгеріс бола қоймады. Жылу жүйесі тұйықталған жертөледе де ағаттық жоқ көрінеді. Тек жылудың біздің үйге жеткіліксіз берілетін көрінеді.

Көкшетау – жылыту-электр орталығы жоқ шаһарлардың бірі. Тек жекелеген қазандықтар ғана бар. Алайда сақылдаған сары аязда олардың қуаты жете бармайды.

Біржан Әбдірахманов, Ақмола облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Көкшетауда жылу энергиясының тапшы екендігі рас. Бұл көппәтерлі баспана құрылысының көбеюімен байланысты. Қазір К-1 және К-2 қазандықтарының қуатын арттыру мақсатында қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен қалаға жылу-электр орталығын салу қажет.

Шаһардағы қос қазандық 500 гигаколория жылу энергиясын өндіреді. Алайда бұл қаладағы барлық ғимаратты қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Қуат көлемін арттыру үшін биыл тағы біреуі орнатылған.

Данияр Ақыбаев, жылу өндіруші мекеме директорының орынбасары:

– Қазіргі таңда газ-мазутпен жұмыс істейтін кешен құрылысы тәмамдалды. Мердігерлер нөмірі 5-қазандықты толықтай орнатып болды. Сондықтан біздің мекеме өндіретін қуат жеткілікті.

Көкшетауды жылумен толықтай қамтамассыз ету үшін жаңа жылу-электр орталығын салу керек. Шенеуніктер бұл мәселені осыдан бірнеше жыл бұрын көтерген болатын. Жобаға 20-дан астам инвестор қызығушылық білдіргенімен әлі күнге дейін құрылысы бастала да қоймаған.

Біржан Әбдірахманов, Ақмола облыстық энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

– Жобаның құны – 250 миллиард теңге. Бұл инвесторлар үшін тым қымбат. Сондықтан да бас тартып отыр. Әкімдік те өз міндетіне ала алмайды. Себебі құны облысымыздың бюджетіне пара-пар. Бұл жағдайда тек орталықтағы мемлекеттік органдардардың қолдауы қажет.

Жылу-электр орталығы салынса, Көкшетауда бекітілген энергия бағасы да өзгереді. Электр қуаты арзандаса, жылу құны бүгінгіден қымбатырақ болуы мүмкін. Дегенмен тұрғындар оған да әзір. Бастысы, баспанамызда бүрсең қағып отырмасақ болды дейді. Қазір шаһардағы ғимараттардың 75 проценті ғана 1 қазанда басталатын жылу беру маусымына дайын.

Мансұр Есқожин, Сабина Балакшина, Евгений Шинкаренко