Қостанай облысында мектептерге санитарлық құралдар алу үшін 100 млн теңге жұмсалған

Биыл Қостанай облысында 500-дей мектеп дәстүрлі оқу форматына оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білім беру мекемелеріне санитарлық құралдар алу үшін 100 миллион теңге жұмсалған. Әр сыныпқа бөлек кесте бекітіледі. Үзіліс пен асханаға бару уақыты әр түрлі болады. 

Ұзынкөл ауылындағы бірінші мектеп жаңа оқу жылын штатты режимде бастайды. Білім ұясында сақтық шаралары күшейтілген. Күнделікті желдету және кварцтау жүргізілмек. Оқушылар дезинфекциялық дәлізден өтіп, дене қызуын өлшейді. Қолын аптисептикпен шайып, сыныпқа бағыт алады.

Қайрат Әлиев, Ұзынкөл ауылы №1 орта мектебінің директоры:

– Оқушылар үшін сабақ пен қоңырау кестесін бөлек етіп әзірледік. Жаңа санитарлық талап бойынша әр сыныпта 25 оқушыдан отырады. Бұған дейін 15 ұл-бала болатын. Басты мақсатымыз – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Пандемия тұсында мектеп алғаш рет офлайн форматқа сәуір-мамыр айында оралған. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Айнагүл Шынтемірова дәстүрлі оқу жүйесін тағатсыздана күтетінін айтады. Телефон мен ноутбукке телміріп білім беруден гөрі, оқушымен көзбе-көз тілдесуден артық ештеңе жоқ, дейді.

Айнагүл Шынтемірова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

– Оқушыларды мектепте көргіміз келеді. Өйткені біз мектепте оқушының көңіл-күйін көреміз. Ішкі сырын, ынтасын бәрін көреміз. Көзбе-көз оларға сұрақ қойып, жауап қайтара аламыз. Сондықтан дәстүрлі оқуымызды сағындық.

Облыстағы барлық оқу орнында «Ashyq» жүйесі енгізілген. Мектеп ұжымы мәртебесін айқындап алғаннан кейін жұмысқа кіріседі. Қазір ұстаздардың 100 проценті коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.

Зәуре Байменова, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

– Оқушылар саны көп мектептерде эпидемиологиялық жағдайды сақтау үшін алты күн ұйымдастырылуы мүмкін. Біздің облыстың ерекшеліктерінің бірі – бізде шағын мектептер көп. 65 проценті – шағын мектеп. Олар көбіне ауылдық жерлерде орналасқан. Сондықтан алты күнге көшу тек қана қала мектептерінде болуы мүмкін.

Жаңа оқу жылында аймақ бойынша мектепке 110 мың бала барады деп жоспарланған. Оның 12 мыңға жуығы бірінші сыныптың партасына отырады. Еегер эпидемиологиялық жағдай күрт нашарласа, оқушылар мен ұстаздар толық онлайн форматқа ауысады. Бұл мақсатта 30 мыңға жуық компьютер сатып алынған.

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг