Махамбет ауданындағы 15 мектеп оқу жылына дайын

Атырау облысына қарасты Махамбет ауданындағы 15 орта мектеп жаңа оқу жылына дайын. Аудандағы мұғалімдер мен 600-ден астам қызметкердің 92 проценті екпе алған.

Есенбай Ақелеуов атындағы орта мектепке жаңа оқу жылында 1176 оқушы білім алады. Оның жүзден астамы бірінші сыныпқа барады. Әр мектептің дәлізіне санитарлық бекет орнатылған. Сондай-ақ кітапхана, асхана секілді балалар топталатын жерлерде санитарлық қызметкерлер тұрады. Сабақ арасындағы үзілістерде бөлме желдетіледі. Ал бірінші ауысымдағы сабақтар аяқталған соң барлық кабинет зарарсыздандырылады. Сабақаралық үзілістер әр сыныпқа бөлек болады.

Биғайша Шыныбекова, мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:

- Балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін осы 99 мұғалімнің 88-і вакцина алды. Оншақты мұғалім түрлі себептермен ауырып шыққаны бар, бала емізуіне байланысты вакцинадан шеттетіліп отыр әзірге. Жалпы санитарлық талаптарға сай балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін барлық талаптарды сақтап отырмыз. Дәстүрлі оқытуға мектебіміз дайын.