425,79 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкентте газдың жоқтығына наразы жұрт жолды жауып тастады

  • 116
  • UPD: 19:58, 31.08.2021
Шымкентте газдың жоқтығына наразы жұрт жолды жауып тастады

Тұрмыстың тауқыметі шыдамды тауысты. Газдың жоқтығына наразы шымкенттіктер ақыры болмаған соң жолды жауып тастады. Өйткені Шымкент-сити жаңа шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлерге көгілдір отын жеткізуге уәде берген шенеуніктер сөзінде тұрмаған. Тұрғындар «бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады» деп ашынып отыр.

Сыртынан хан сарайындай көрінгенімен бұл үйлердің жағдайы мәз емес. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген әр баспана талапқа сай болмай шыққан. Су сапасыз, көгілдір отын мүлде жоқ. Орта ғасырда өмір сүріп жатқандаймыз, деп налиды тұрғындар. Жиылып жолды жабуларына да осы олқылық себеп болған.

Айгерім Қаражанова, қала тұрғыны:

- Бізде су мәселесі, жоғары жағымызға напор жетіспейді. Судың иісі бар одан кейін. Лас, жаман иіс шығады, темірдің иісі. Ішуге жарамсыз.

Нұрғиса Әсілов, қала тұрғыны:

- Келгелі бері анда-санда свет болмайды. Газ 6 айда қосылады деген. 6 ай емес уже 9 ай кетіп жатыр. Жительдер свет болмаған жағдайда қыстың қамы ғой бәрімізде есік терезелер өте нашар. Ертең қыста ол газ болмаса, газ болмаса, болды мына үй. Лифт тоқтайды. Сапасы өте төмен.

Тұрғындардың талабын тыңдауға жауаптылар да келді. Шаһардағы газ мәселесі жаңа газ тарату станциясы іске қосылғаннан кейін ғана қалыпқа түсетінін түсіндірді. Оған қоса бұл тек Шымкент-сити шағын ауданының емес, жалпы шаһардың мәселесі көрінеді.

Боранбай Болатбеков, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Қалада өте жетпейді, қысымдығы жоқ газдың. Қыстыгүні көп үйлерде жоқ. Сондықтан АГРС-3-ті салды. АГРС биыл, осы жылу маусымының аяғына дейін тапсырамыз. 98 проценті бітіп қойды.

Шаһар әкімі былтыр қараша айында жаңа газ тарату станциясын іске қосуға уәде берген. Алайда әлі күнге дейін олқылықтың орыны толмай келеді. Жауаптылардың сөзінше, қазір газ станциясында сынақ жұмыстары жүріп жатыр. Жылыту маусымы басталғанда мәселенің шешілуіне тағы да сөз берді. Бірақ әбден қажыған жұрт уәде орындалмаса, енді әкімдікке жиналатындарын жеткізді. 

Асланбек Шығыр, Катерина Попкова

Хабар 24 телеарнасы