ШҚО-да балаларды оңалту орталығы тапшы

Шығыс Қазақстан облысында сал ауруына шалдыққан мыңға жуық бала тұрады. Оларды оңалтумен айналысатын жалғыз арнайы орталық Семейде ғана бар.

Ал Өскемендегі 150 орындық мамандандырылған балабақша 20 орын ғана бөліпті. Сол себепті сырқат балалардың аналары өз күштерімен арнайы емдеу орталығын ашқан. Дегенмен, барлығына бірдей орын жетпейді. Жергілікті биліктен де қайран болмай тұр.

Милананың жасы сегізде. Сал ауруына шалдыққан бүлдіршіннің әр жетістігі анасын осылай шаттыққа бөлейді. Орталықта болған екі жылда ол өздігінен жүріп тұруды, сөйлеуді үйренді. Сондықтан болар әркез осында келуге асығып тұрады. Бұрын емделу үшін Ресейге немесе өзге қалаларға баруға тура келетін. 

Дарья Подкорытова, Милананың анасы: 

– Біздің балаларымызға оңалту шаралары ұдайы жасалуы қажет. Ал әзірге бізге мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жарты жылда бір рет болатын 20 күндей емделу курсы жеткіліксіз. Балалар меңгерген дағдыларын үнемі дамытып отыруы үшін емдеу шаралары да үздіксіз жүргізілуі тиіс.

Осы орталықты өз күшімен құрған Мәдина Әуренова да сал ауруына шалдыққан бала бағып отыр. Емделу үшін өзге өңірлерге барып шаршаған ол кейін өз күшімен оңалту орталығын ашуға бекінеді. Бұл жерде пайда табу туралы сөз қозғау артық. Түскен қаражат ғимаратты жалдау мен орталық қызметкерлерінің жалақысын төлеуге жұмсалады.

«Олар өз ісінің шынайы шеберлері. Сондықтан болар балаларын осында әкелушілер қатары көп. Бірақ барлығын бірдей қамту мүмкін емес», - дейді ол.

Мәдина Әуренова, оңалту орталығының иесі:

- Бір жылдық жұмысымды мен осы біздің облыстық акимат, қалалық әкімдіктің біздің жұмыспен танысуына, қандай да мүмкін болатындай қолдау жасауына қолдауды негізінен ғимарат мәселесіне арнаған едік. Бір өкініштісі, біздің мәселелерді мемлекеттік өкілет мүшелерінің назарынан тыс қалудамыз.

Тек Өскемен қаласының өзінде сал ауруына шалдыққан 150 бала бар. Ал аталған орталыққа тек 60 шақты бала келіп жүр. Келешекте кеңейту жоспары бар. Бұл мәселе мемлекеттің көмегінсіз шешілмесі анық. Алайда ондай мүмкіндік әзірге жоқ, дейді жергілікті билік өкілдері.

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі: 

- Қазіргі уақытта енді ол мекеме ерекшелігі бар балалармен жұмыс істегендіктен дәл оларға қолайлы ғимарат болмай тұр әзірге. Бірақ біз ол бағытта жұмыс істейміз. Қазір бізде әртүрлі бағдарламалар бар қалада. Неше түрлі жаңағы бұрынғы өздеріне приватизацияға алған ғимараттарды біз қайтарып жатырмыз. Егер қолайлы ғимарат болған кезде біз міндетті түрде ол кісілерді хабардар етеміз. 

Рас. Бұл әзірге уәде ғана. Облыста әлі 900-ден аса бала осындай орталықтың көмегіне зәру. Оңалту орындары көбейсе балалардың сауығып кетуіне қосылған зор үлес болар еді, дейді аналар. 

Талғат Серікқалиұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов