Алматыда 22 жастағы бойжеткен тісін жұлдыртқаннан кейін қайтыс болды

Алматы полициясы стоматологиялық клиникаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 22 жастағы Мария Сергеева тісін жұлдыртып шыққан соң екі сағаттан соң көз жұмған. Бұл 26 тамыздағы оқиға. Алайда көпшілікке енді ғана мәлім болды. 

Осыдан бір апта бұрын ғана Сергеевтер отбасы тойға қызу дайындалып жатқан еді. Қыздары Мария тұрмысқа шығуға әзірленіп жүрді. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Ол қаладағы стоматологиялық клникалардың бірінде кенеттен жарық дүниемен қош айтысты. 

Александр Сергеев, Марияның әкесі:

- Бір жыл бұрын қызымның ақыл тістері шыға бастады. Біз «Рахат» емханасына барып дәрігерлік кеңес сұрадық. Дәрігерлер тісті жұлу керек деді. Олар төрт тісті бірдей алу керек деп айтқандарын білемін.

Марияның тістерін жұлуға және басқа да емдеу шаралары үшін «Рахат» клиникасы  өз қызметіне 420 мың теңге сұраған. Бұған емделуші келіскен. Дәрігерлер операцияны жалпы наркоз салып жасайтындықтарын айтқан. Тиісті анализдерін тапсырған соң ол анестезиолог дәрігердің де кеңесін алады. 

Артур Литвинов, Марияның жігіті: 

- Сот сараптамасы  барысында төрт тісті бірдей жұлу жөніндегі шешімнің қате екені белгілі болды. Бірақ клиниканың неліктен солай істегені түсініксіз.

Ал әкесінің айтуынша, арнайы қорытындыда қызының өлімі «белгісіз генез шошымасынан» деп көрсетіліпті. Сонымен қатар тіс емханасының дәрігерлері оны аллергоорталыққа барып, тексерістен өтуді сұрамаған. Осы айтылған деректердің рас-өтірігін тәртіп сақшылары тексеріп жатыр.

Евгений Лысенко,  қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі:

- Қазір осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істі Әуезов аудандық полиция басқармасы жүргізеді. Тергеу амалдары аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның нәтижесі негізінде қорытынды процессуалды шешім қабылданады.  

Қылмыстары дәлелденсе өз ісіне салғырт қараған  медицина қызметкерлері мен фармацевттер заң алдында жауап береді.

Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев