Атырауда күзгі терімге жұмысшылар жетіспей жатыр

Атырау облысында күзгі дала жұмыстарына адам күші жетіспей жатыр.

Бұл – жылда қайталанатын жағдай. Әсіресе, пандемия салдарынан өзге мемлекеттер мен көршілес өңірлерге барыс-келіс шектелгелі бері дала жұмыстарына қол күшін тарту қиындап кеткен. Биыл мұнайлы өңір Өзбекстаннан арнайы квота арқылы 600-ден астам жұмысшы алдырды. Бірақ оның өзі күрделі проблеманың күрмеуін шешуге аздық етіп отыр. Соған қарамастан, шарауалар жаз бойы төккен тердің жемісін жинап алуға жұмылып жатыр

Бүгінде дала жұмысының қызған шағы. Аумағы 165 гектер алқапта картоп, пияз сияқты көкөністер пісіп, қауын-қарбыз сабағынан үзіліп жатыр. Тек соны уақытылы жинап алу күшке түсетін түрі бар. Себебі, жұмыс қолы жеткіліксіз. Іргедегі тегін байлықты ысырапсыз жинап алуға ауылдықтар асығар емес. Мұндағлырадың басым бөлігі бала-шаға мен ала тақиялы ағайындар.

Махмут Биназарұлы, жұмысшы:

– Тек күннің астында жүргеніміз болмаса, онша қиын емес, Түсте екі сағат демалысы бар. Демаламыз, қайтадан шығамыз. Кешкі сағат 20:00-ге дейін жүреміз. Енді жұмыс біткеннен кейін картоп, пияз береді. Ауылда құр жатқаннан, жұмыс істеген жақсы. 

Иә, ала таңмен тұрып, қызмет ету оңай тірлік емес. Бірақ, төгілген тердің қайтарымы бар. Шаруашылық бір жұмысшыға 100-120 мыңтеңге еңбекақы төлейді. Қос басында тамақ тегін. Бірақ соның өзінде құлшыныс аз. Сондықтан жұмысшыларды өзбек ағайындар толтырып отыр. Осы шаруашылықтағы 75 жұмысшының жартысынан көбі шетелден келген көмекшілер. Тіпті, дала қосының жетекшісі Айдос Байниязов та алыс Қарақалпақстаннан келіп, еңбек етіп жатқанын айтады.

Айдос Байниязов, егістік агрономы:

– Басында қарапайым жұмысшы болып келдім. Қазір осы балалардың басы-қасында жүрмін. Жұмыс жасағанға табыс бар. Ертең осы жерден көкөністерін алады. Ауылдық жер болғасын, мал ұстайды. Жақсы жұмыс істегендерге, малына шөп беріледі.

Биыл Махамбет ауданына арнайы квотамен 204 жұмысшы сырттан алдырылған болатын. Олар ертең көктемнен бастап  жер жырту, тұқым себу секілді ауыр жұмыстарды атқарып берді. Енді егін піскенде де бар ауыртпалық соларға түсіп жатқандай. Жергілікті тұрғындардың құлшынысын туғызу мақсатында атқарушы билік барынша жұмыс атқарып жатырмыз дейді.

Мұратбек Сәлменов,  аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қазір 200-дей жергілікті азамат тартылды. Яғни, бізде күзгі егіске жұмыспен қамту Орталығы арқылы тағы да ауыл адамдарын шақыруды жоспарлап отырмыз. Құлшыныс аз, біз жан-жаққа хабарлама беріп жатырмыз. Жергілікті тұрғындар, өздеріңіз көріп тұрғандай, осы жерде 25-30 адам ғана жұмыс істеп жатыр.  

Мұнайлы өңірде үш мыңнан астам қожалық бар. Оның жартысына жуығы егінмен айналысады. Жұмыс күші олардың барлығына ортақ проблема. Жаз бойына тырбынған еңбектің жемісі рәсуа болмасы үшін шаруашылық иелері қымбат та  болса жұмыс күшін сырттан жалдап келеді. Биыл шетелден шақырылған 600 жұмысшының әрбірінің жол ақысының өзі 200-220 мың теңге шамасында екен. Ол шығынды да шаруашылық өз мойнына алуға мәжбүр болып отыр.

Авторлары:  Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов