Елордада мектеп табалдырығын аттағандар арасында үшем бар

Мадина, Жасмина және Даяна есімді қыздар нөмірі 80-мектеп оқушысы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жаңалыққа алғашқыда мектеп ұжымы, әсіресе, сынып жетекшісі аң-таң болды.

Айжан Бөрлібаева, қала тұрғыны:

– Қыздардың мінезі үш түрлі. Бірі жуас, бірі көңілді жүреді. Ең кішкентайы еркелеу.

Үшемді сырттай ажырату мүмкін емес. Барлығы бір-біріне қатты ұқсайды. Бүгін – олар үшін ерекше мереке. Білім күні. Кішкентай қыздар алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Бүгін оларға арнайы бейдж табысталды. Сәйкесінше, енді бір-бірінен оңай ажыратуға болады деген сөз.

Айғаным Асқаралықызы, сынып жетекшісі:

– 1 «З» сыныбының тізімін қарасам, үшем тұр. Өзіме қызық болды. Алдағы жұмыс барысында олардың мінезімен, қандай айырмашылық барын байқаймын. Үздік және сапалы білім алады деп ойлаймын.

Үшемнің отбасында бұдан бөлек, тағы 2 бала бар. Енді оларды мектепке әжесі апарып, әкеледі.

Аслан Қаженов