Оралда 200 қоқыс полигонының тек екеуі санитарлық талапқа сай келеді

Батыс Қазақстан облысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар төгілетін 200 полигонның тек екеуі ғана санитарлық-экологиялық норма талаптарына сай келеді. Қазір екеуі де әбден толған. Ал барлық талапқа сай келетін жаңа полигон салу үшін жүздеген миллион теңге қаражат қажет. Бірақ елді мекендердегі халық саны күн санап өсіп отыр. Тек облыс орталығынан күн сайын 250 тонна қалдық шығарылады. Бұл 5 жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 5 есе көп. Аймақта заңсыз қоқыс тастайтын орындар да көбейіп кеткен.

Бұл Дина Нұрпейісова көшесіндегі орталық базар аумағы. Айналада сауда үйлері мен мектеп ғимараттары бар. Алайда мынадай келеңсіз көріністің қала келбетіне көлеңке түсіріп тұрғаны рас. Бұрын бұл арада қоқыс контейнерлері болған. Бірақ осы маңдағы балабақшаның талап етуімен екі жүз метрдей жерге ысырылыпты. Ал оған баруға ерінген қала тұрғындары қоқыс атаулыны осы жерге тастап жүре береді. 

Рафхат Данағұлов, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарушы мекеменің директоры:

- Мына тротуарда келе жатып, мүмкін аялдамаға бара жатып базарға бара жатырған кезде өздерінің қатты тұрмыс қалдықтарын жол бойына тастап кететін болып жүр осы жаз айлары басталғаннан бері. Біз бұл жерді 10 шақты рет жинаған болатынбыз. Айыппұл салынуы керек деп ойлаймын. Себебі мен көрген жоқпын бұл жерде айыппұл салынып жатқанын ешкімге. Адамдар қорықпағандықтан күндіз тал түсте де осылай лақтырып жатады. Себебі жаза жоқ. 

Надежда Казанцева, қала тұрғыны:

- Қоқысты осы айналада тұратын тұрғындар әкеліп төгеді. Мына жерден өту мүмкін емес. Осы арада жұмыс істейміз, толған ит пен мысық, сасық иіс. Оны жинап жатқан да ешкімді көрмейміз. Ал бұл ара қаланың қақ ортасы емес пе? Қоқыс атаулыны осы араға тастайтындарды жазаға тарту керек! 

Қала билігі осындай орындарды бақылауға алу үшін биыл 50 шақты бейнекамера орнатпақ ниетте. Қосымша мың шақты контейнер сатып алу да жоспарда бар. Жыл басынан бері қоғамдық орынға қоқыс тастағаны үшін 2 мыңнан аса адамға айыппұл салынған. Қоқысқа толған заңсыз орындардың көзін жоюға қауқарсыз 3 бірдей ауыл жазаға тартылыпты. 

Мұрат Ермекқалиев, БҚО Бас мемлекеттік экологиялық испекторы:

– Ғарыштан жүргізілген мониторинг кезінде БҚО аумағында облыс орталығынан 50 шақырым радиуста жатқан 237 заңсыз қоқыс тастайтын орын анықталды. Бұл негізінен Теректі, Бәйтерек, Ақжайық және облыс орталығының аумақтарын қамтиды. Оның 100-ден астамы қазір жойылды. 

Фариза Сұлташева табиғат қорғау шаралары бөлімінің басшысы:

- Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта ауылдық елді мекендердегі қалдықтарды орналастыратын орындар свалка деп аталады. Және полигон деп атауға сәйкес келмейді. Оларды сәйкестендіру үшін ірі көлемде қаражат салу керек. Яғни әрбір полигонға кемі 200 миллионнан жоғары қаражат талап етеді. Мұндай қаражатты ауылдық аудан бюджеті көтермейді. Жасалып іске аспай қалған жобалар да бар. Қазталов және Жалпақтал ауылдарында жасалған ЖСҚ әлі күнге іске асыра алмаудамыз. Себебі екеуін іске асыру үшін 400 миллион теңге керек. 

Қазіргі таңда Орал мен Ақсай қалаларында салынатын екі полигонның жобасы дайындалып жатыр. Осы екі полигонда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені іске қосылған. Ал бұдан жарты ғасыр бұрын іске қосылған ескі орындар жабылуы тиіс. Айта кету керек, аймақта шығарылған қалдықтардың небәрі 14 проценті ғана қайта өңделеді, дейді сала мамандары. 

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов