Сынып жетекшісі ковидпен ауырған жағдайда оқушылары карантинде болады

Еліміздің барлық мектептерінде оқушылар дәстүрлі форматта оқуға кірісті. Бірақ ұстаздар мен олардың шәкірттері сақтық талаптарын орындауы тиіс. Олар қаншалықты сақталып жатыр? Шектеулер күшіне енді ме?  

Елордалық ұстаз Датбек Шахидулла оқушылардың дәстүрлі оқу форматына оралуын мерекемен пара-пар дейді. Жылдан аса уақыт офлайн сабақ беріп келген мұғалім бұл күнді асыға күткенін айтады. Әрине індет ушығып тұрған уақытта қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін де естен шығармайды.

Датбек Шахидулла, тарих пәнінің мұғалімі:

- Негізінен шын мәніне келетін болсақ дәстүрлі оқыту әлдеқайда тиімдірек. Неге десеңіз, өйткені көз алдымызда барлық оқушылар отырады. Яғни сол кезле оқушының сол күнгі көңіл-күйін, жағдайын сабаққа деген құлшынысын көре аласыз. Ең бастысы, сабаққа толық 100пайыз қатыстыра аласыз. 

Індет өршіп тұрған сәтте мектепке кіру тәртібі де өзгерді. Енді ұстаздар Ашық қосымшасынан мәртебесін көрсетіп ғана оқу ордасының табалдырығынан аттай алады. Осылайша вакцина салдырғанын дәлелдеуі керек. Ал ата-ана ауладан әрі аспайды. Мектепке оқушының өзі кіреді. Оның өзінде дене қызуын өлшетіп, тексеруден өтеді. Ал егер температурасы көтерілсе, дереу оқшауланады.

Гүлжамал Байменова №77 мектеп гимназия директоры:

- Биыл міне жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастап жатырмыз. Санитарлық норманы сақтау үшін арнайы нұсқаулық та келді. Негізінде ата-аналардың өзі де қауіптенеді балаларымыз ауырып қалмасын деп. Тіпті сынып жетекшілеріне айтып отыр, қадағалаңыз менің балам маскасын шешпесін сабақ бойында деп. 

Иә, бір жылдан аса мектеп партасына отырмаған балалар қазір бейімдеу кезеңінен өтіп жатқандай. Ұстаздармен қауышып, сабаққа барлығының ынтамен кіріскенін байқауға болады. Дегенмен, сынып жетекшісі коронавируспен ауырып қалса, онда сол оқушылар карантинге кетеді. Сабақты онлайн форматта жалғастырады. Ал вирусты оқушы жұқтырса, онда өзі ғана оқшауланады. Ал сыныптастары оқуын жалғастыра береді.

Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев