Ақтөбеде тағы «жарылғыш зат орнатылған» деген ақпарат тарады

Ақтөбеде «жарылғыш зат орнатылған» деген хабарлама 6 бірдей мектептің жұмысына кедергі болды.

Жарылыс жөніндегі ескерту бүгін тағы да білім ордаларының поштасына жеткен. Тәртіп сақшылары үш жарым мыңға жуық оқушы мен ұстазды дереу қауіпсіз жерге шығарды. Саперлер нысандарды тінтіп өткенімен ешқандай бомба табылған жоқ. Еске салайық, дәл осындай хабарлама кеше бірінші сынып оқушыларына арналған алғашқы қоңырау салтанатының шырқын бұзған еді. Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырханның айтуынша, мектептер қазір қалыпты қызметіне кірісті.

Жолдас Батырхан, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Оқу процесін бір сағатқа тоқтатуға тағы да мәжбүр болдық. Бір сағат көлемінде полиция департаменті тексеріп барлық ғимараттарды бұл ақпараттың да жалған екенін анықтады. Ең бірінші баланың қауіпсіздігі бұл арада. Мұндай хат түскен жағдайда амалсыздан біз оқу процесін тоқтата беретін боламыз. Дегенмен құзырлы органдар жалған хабарлама таратып отыпған адамды анықтап тиісті жазасын жақын күндері береді деп ойлаймыз.