Катамнез кабинетінің көмегі көп

Алматыда түрлі патологиясы бар шала туған нәрестелердің саны өсті. Соңғы алты айда мегаполисте салмағы өте төмен 2500 шақалақ дүниеге келген.

Ерекше күтімді қажет ететін мұндай сәбилер үшін қалада екі катамнез бөлмесі жұмыс істеп тұр. Тағы бірі жуырда ашылды. Онда неонатолог мамамандар балалардың қалыпты өсуі мен дамуына кедергі келтіретін түрлі ауруларды емдейді. Жаңа туған нәрестелерді қабылдау кезінде мұнда бірден бірнеше маман кеңес береді. Невропатолог, гематолог, педиатр дәрігерлер сәбиді жан-жақты қарайды.

Айта кетейік, катамнез  кабинеттерінде балаға үш жасқа дейін кешенді емдік-сауықтыру шаралары жүргізіледі. Білікті неонатолог маманға қаралу үшін жергілікті емханадан жолдама болса жеткілікті.

Қарлығаш Жұбанышева, қаланың Бас неонатолог дәрігері:

– Катамнез – бұл шала туған балаларды оңалту, бағып-күту, бақылау. Мақсатымыз – мерзімінен ерте туған балалардың қалыпты дамып-жетілуіне бағдар беру. Яғни, өмір сапасын жақсарту. Оларға тек дәрі-дәрмектің  көмегімен емес, ерекше күтімнің, қосымша шаралардың көмегімен дамуына мүмкіндік  жасау. Бұған массаж, суда жүзу, жарықпен емдеу, ароматерапия жатады.