Өскемендегі коммуналдық мекемеде дау шықты

Өскеменді сумен қамтитын коммуналдық мекеме тұтынушыларға жалпы 3 миллиард теңгеден астам қаражат қайтаруы мүмкін. Кәсіпорынның соңғы 5 жылдағы қаржылық есебін тексерген монополияға қарсы қызмет мамандары осындай тұжырымға келіп отыр.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті өкілдерінің сөзінше, Өскемен су арнасы мекемесі су құбырларын жөндеуге кеткен негізсіз шығынды тарифке қосып отырған. Дегенмен екінші тарап мұндай шешіммен келіспейді. Олар әкімдік бекіткен инвестициялық жобаларда тарифтік смета мен шығын мөлшері анық көрсетілген дейді. Сонымен қатар облыс орталығында соңғы 3 жылда тариф екі рет төмендетіліпті.

Жұмагүл Мусипова, облыстық табиғи монополияларды реттеу комиеті департаментінің бөлім басшысы:

– «Өскемен-водоканал» инвестициялық бағдарламаларды орындауға міндетті. Бірақ соңғы бес жылғы көрсеткіштерден кемшілік табылып отыр. Сондықтан мекеме бұрынғы жылдардағы негізсіз тариф өсімін, алдағы уақытта  тарифті төмендету арқылы қайтаруы тиіс.

Әсел Оспанова, «Өскемен-Водоканал» МКК директорының орынбасары:

– Біз аталған департаменттің бұндай шешіммен келіспейміз. Сондықтан өз ұстанымымызды заң жүзінде қорғауға ниеттіміз.