Іле Алатауында селден қорғау жұмыстары жүріп жатыр

Іле Алатауында селден қорғау жұмыстары аяқталып келеді.

Таудағы көлдер мен мұздықтарда көктем мен жаз мезгілінде сел қаупі жоғары болатыны белгілі. Ал, күзге салым оның беті қайтады. Мұздың еруі де біртіндеп баяулайды. Дегенмен кейбір су қоймаларының деңгейін төмендету жұмыстары күн әбден суытқанша жалғасады. 

Нөмірі бірінші мореналық көл теңіз деңгейінен 3700 метр биіктікте орналасқан. Күз енді ғана басталғанымен мұнда қазірдің өзінде суық. Кейбір жерге қар түсіп үлгеріпті. Қазан айының басында көлге мұз қата бастайды. «Тек содан кейін ғана, келесі көктемге дейін сел қаупінің беті қайтты деп сеніммен айта аламыз», –дейді «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары.

Мұздық көлдердің басты ерекшелігі сол жаз мезгілінде көлемі артып кетеді. Сондықтан бұл табиғи су қоймаларының деңгейін үнемі азайтып отыру керек.

Еркін Ахметов, «Қазселденқорғау» ММ Іле Алатауы аумақтық басқармасы филиалының басшысы:

– Қазіргі таңда жалпы бұл көлдің аумағы 750 мың текшеметр болған. Судың деңгейін төмендету жұмыстары маусым, шілде айынан бастап бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылды. Бүгінгі күні 100 мың текшеметр су деңгейі сифон арқылы төменге түсірілді. Жалпы Іле Алатауы бойынша теңіз деңгейінен 4 мың метр биіктікте тіркелген 269 мұз көлдері болса, соның ішінде мына Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында 4 осындай қауіпті деген көл анықталып, ағымдағы жылы осы Түрген номері бірінші көл деңгейін төмендету жұмыстары ұйымдастырылуда.

Түрген көлінің деңгейін төмендету бойынша жұмыстары осымен 6-шы маусым қатарынан жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде шамамен 5 метрге төмен түскен. Батиметриялық зерттеулердің нәтижесі бойынша оның ең терең тұсы 20 метрден асады. Оны түсіру сифондық жүйенің көмегімен жүзеге асады. Бұл қарапайым тәсіл болғанымен өте тиімді. Су атмосфералық қысым арқылы диаметрі 300 миллиметрлік пластикалық құбырлар арқылы ағады. Дегенмен, көлдің табаны өте тығыз топырақтан тұрады. Ал сифон қалыпты жұмыс істеуі үшін оны үнемі қопсытып отыру керек. Ал мұндай биіктікте, ол тек жарылыс арқылы жасалады.

Ержан Қоспақов, «Қазселденқорғау» ММ эксплуатация жөніндегі бас инженері:

– Ол жерге ұзындығы 250 метр болатын 3 сифон қосылды. Бүгін жару жұмыстарын жүргіздік. Оған шамамен бір тонна болатын жарылғыш зат жұмсалды. Бұдан кейін арнасы тазартылып, сифон құбырына қайта қосылады.

Мұндай жару жұмыстары өте қауіпті саналады. Ең бастысы – мореналық көлдер мен мұздықтардың құрылымы бұзылмауы тиіс. Оны осы мақсатқа қолданатын арнайы жарылғыш затпен ғана жарады. Одан кейін батиметриялық түсірілім жасалып, көл табаны өлшенеді. Мамандардың айтуынша мұндағы жұмыстар екі аптаға дейін жалғасады. Жалпы, биыл Іле Алатауындағы 15 көлге селдің алдын алу шаралары жүргізілді. Ал мұндай жұмыстар келесі жылы 17 көлге жасалады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Нұрдәулет Жақсыбаев