Қазақ және қырғыз жастары әріптестік орнатуға келісті

Бішкекте Қазақстан және Қырғызстан халқы ассамблеяларының жастары бас қосты.

Биыл жазда осы екі ұйымның басшылары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған. Алайда пандемияға байланысты кездесу онлайн форматта өткен. Бұл жолы кездесуге мүмкіндік алған қос елдің жастары түрлі сала бойынша әріптестік орнатуға келісті.

Кездесу барысында екі елдің өкілдері өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқыға салды. Қай бағытта бір-біріне пайда әкелуі мүмкін деген сауалдар қойылды. Қырғыз тарапын Қазақстандағы жоғары білім оқу орындары мен онда қалай оқуға болатыны аса қызықтырды. 

Тимур Жұмырбаев, республикалық «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы:

– Қазіргі тұста қоғамымыздың бәсекелестік қабілеті азаматтарының сауаттылығына байланысты болып тұр. Бүгінде орта және жоғары білім берудің сапасын арттыру керек. Бұл туралы Президентіміз айтты. Жоғары білім беру саласында бәсекелес орта құруға септігін тигізетін заң жүйесін құру мен тиісті шешімдер қабылдау бойынша Үкімет пен Парламентке нақты тапсырмалар берілді. 

Ал Ош қаласында Түркі Кеңесіне мүше елдер жастарының үшінші форумы өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан мен Қырғызстан делегациялары қатысты. Жас буынның көшбасшылары түркі тілдес халықтардың рухани мұрасын сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Басқосуға қатысушылар Қазақстан Президентінің жастар әлеуетін дамытуға жағдай жасау жөніндегі бастамасына ерекше қызығушылық танытты.   

Анар Гасымов, Қырғызстан халқы Ассамблеясы жастар қанаты төрағасының орынбасары:

–  Әлеуметтік, ақпараттық, білім беру мен волонтерлік салаларда ынтымақтасу сауалдары талқыланды. Түрлі мәселелер қозғалып, онлайн конференция өткізуді ұйғардық. Бұл іс-шара аясында жүзеге асырылатын нақты жобаларды белгілейміз. 

Қос елдің жастар ұйымдарының басшылары жиі кездесуге келісті. Бұған пандемия да кедергі келтіре алмас, өйткені енді мыңдаған шақырым қашықтықта бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік бар. Қырғыз тарапы қозғалған ұсыныстардың бірі – білім жәрмеңкесін ұйымдастыру болған. Осылайша Қазақстанда жоғары білім алу мүмкіндіктерінен хабардар болмақ.

Авторы: Бақыт Чермашев