Көкшетаудағы Боровской шағын ауданының тұрғындары газдың иісіне тұншығып отыр

Газдың иісі қолқаны қауып, шыдатпай барады. Көкшетау қаласындағы Боровской шағын ауданының тұрғындары осындай күй кешіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бала-шаға асырап отырған жұрт газ құбыры бір күні болмаса, бір күні жарылып кете ме деп қорқады. Ал жергілікті билік пен жауапты мекеме басшылары тұрғындардың шағымын жүре тыңдап, нақты жауап берер емес.

Шағын аудан тұрғындары екі жылдан бері газ иісінің зардабын тартып келеді. Қорыққан тұрғындар тиісті мекемеге сан мәрте шағымданған. Алайда түк нәтиже жоқ. Құбырлар тексеріліп, жарамсызы ауыстырылмаса, бір күні қайғылы жағдайдың болуы әбден мүмкін дейді олар. 

Ульяна Шиврина, қала тұрғыны:

– Газдың иісінен тыныс ала алмаймыз. Тіпті улануыңыз да мүмкін. Мысалы, мен коронавируспен ауыратын болсам, осы үйде өліп кетуге де болады. Өйткені, аурудан кейін тыныс алу нашарлайды. Мына үйге кіреберістен-ақ, газдің иісі қолқаны қабады.

Зоя Орлова, қала тұрғыны:

– Мамандар мүлде құлақ асар емес. Мен оларды бірнеше рет шақырдым. Келмеді. Тіпті құзырлы органдарға хабарласып, шағымданатынымды да ескерттім, алайда, нәтиже жоқ. Телефон тұтқасын қоя салады.

Балалар ойын алаңы маңындағы газ сақтауға арналған резервуардан да иіс шығады. Тұрғындардың мәселесіне қатысты жауаптылармен тілдесу мүмкін болмады. Алайда бірнеше сағаттан кейін мамандар келіп, ақауды жоюға тырысты.

Жауаптылармен тағы байланысып көрдік. Бұл жолы телефон тұтқасы арқылы ғана тілдесуге мүмкіндік туды. Оның айтуынша, тұрғындар ауызша ғана арызданыпты, ал жазбаша өтініштер түспеген.

Борис Копаница, авариялық газ қызметінің бастығы:

– Егер мұндай жағдай тағы қайталанса, біз крандарды тағы ауыстырамыз. Қалада газ жүйесі осындай құбырлар арқылы жүргізілген. Ал балалар алаңының маңында газгольдер бар. Ол жердегі 9 метрлік шланг арқылы газ ағады. Сол уақытта қалдықтар жерге төгіліп, ол құмға сіңеді. Иіс содан шығуы мүмкін.

Бұл олқылықтың орны қашан толатыны білгісіз. Осылай жалғаса берсе, қайғылы жағдай орын ала ма деп қорқады тұрғындар.

Асланбек Шығыр, Сабина Балашкина, Анатолий Полянный