Алматыдағы бірінші жылу электр орталығы жаңартылады

Коммуналдық салада қордаланған мәселе жетерлік, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағдайды түзеуге, әрине алдымен ақша керек. Бұл да табылады. Президент жолдауында мұны нақтылады.

Елдегі инфрақұрылымдарды модернизациялау жұмыстарына триллион теңге бөлінеді. Қаражаттың бір бөлігі Алматыдағы екінші жылу электр орталығын газға ауыстыруға жұмсалады. Алматы қаласы мен облыстағы электр желілері де жаңартылады. Тек алмақтың да салмағы бар. Жоспарды жүзеге асыру үшін электр бағасы көтерілуі мүмкін.

Алматыдағы бірінші жылу электр орталығы жаңартылып, қуаты артпақ. Бұл 2030 жылға дейінгі жоспар. Үшінші жылу электр станциясы да заман талабына сай көгілдір отынмен жұмыс істейтін болады. Инфрақұрылымдарды жаңарту жайы біраз жылдан бері айтылып келеді. Мәселені Президент те өзінің жолдауында көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп бірнеше ірі жобаны іске асыруы керек. Олар – Алматыдағы екінші және үшінші жылу электр станциясын газға ауыстыру және бірінші жылу электр станциясының қуатын ұлғайту. Соның нәтижесінде оңтүстік аймақтағы өндірілетін электр қуатын мың мегаватқа арттырып, Алматы қаласы мен облыстағы электр желілерін жаңарту керек.

Екінші жылу электр орталығын көгілдір отынға ауыстыру қала экологиясына пайдалы. Мысалы, қазір көмірмен жұмыс істейтін орталықтар 50 мың тонна зиянды зат бөледі. Ал жаңғыртудан кейінгі зиянды қалдық көлемі 4 мың тоннаға дейін азаяды.

Серік Түйтебаев, «Самұрық-Энерго» АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры:

– ЖЭО-3, ЖЭО-1 өзінің ресурсын жұмыс істеп бітірген, оны жаңарту керек. Көгілдір отынмен жұмыс істейтін қазандықтардың біріншісін 2024 жылы іске қосамыз. ЖЭО-3 2024-2025 жылдары іске қосылады. Қалған ЖЭО-1 де жоба жасап жатырмыз.

Сала мамандарының пікірінше, екінші жылу электр станциясын газға ауыстыру жыры ұзаққа созылып кетті. Көгілдір отынға көшіру туралы сөз 2017 жылы да айтылған еді. Сол кезде жасалған екі техникалық-экономикалық негіздеме жүзеге асырылмады. Енді үшінші негіздеме қолға алынып, орталықты газға ауыстыру 2025 жылға жылжыды.

Әсет Наурызбаев, энергетикика саласының маманы:

– Бұл жобаны бес жылдан бері жүзеге асыра алмау деген ұят. Біз техникалық-экономикалық негіздеме үшін төрт жылды сарп еттік. Оның қаражаты артық шығын болды. Оның құнын халық төлеп жатыр. Жеке тұлғаларға қатысты тариф сол күйінде тұрғанымен, заңды мекемелерге қатысты тариф құны бір жылда 20 процентке артты.

Оған қоса, тозығы жеткен электр желілерін де ауыстыру күн тәртібінде тұр. Әсет Наурызбаевтың айтуынша, компанияның тарифтеріне амортизациялық шығындар қосылған. Демек бұл компанияның табысы емес, бұл болашақтағы жөндеу жұмыстарына жұмсалатын ақша. Сондықтан ескірген желілер осы қаражат есебінен жаңартылуы тиіс дейді сарапшылар. Ал «Самұрық-Энерго» өкілдері желілердің уақтылы жаңартылмауын қаржының жеткіліксіз бөлінуімен байланыстырып отыр. Себебі баға тежеліп келген. Сол себепті қосымша қаражат қажет дейді мамандар.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов