Тараздағы жарылыстан зардап шеккендердің бірі ауыр халде

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде зардап шеккендердің біреуі ауыр халде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрігерлердің айтуынша, денесінің 85 процентін күйік шалған. Қазір ол Тараз қаласындағы көп салалы аурухананың реанимация бөлімінде жатыр. Науқасқа медициналық көмек көрсету үшін Алматыдан Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығынан мобильді бригадасы жетті. Сондай-ақ кеше елордадан нөмірі бірінші ауруханадағы күйік ауруын емдеу бөлімінің мамандары да барды. Ем-дом барысында жергілікті дәрігерлер өзге өңірдегі тәжірибелі әріптестерімен 7 рет бейнебайланысқа шығып кеңес алды. Десе де науқастың туыстары ем-домды елордада жасау керек деген пікірде. Ал дәрігерлер денсаулығы тасымалға жарамайтынын алға тартып отыр. Мәселені Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір басшысы бақылауға алған.

Еске сала кетейік, әскери бөлімдегі жарылыс 26 тамыз күні болды. Төтенше жағдайдан 15 адам қаза тапты. Бірнешеуі жараланған.