«Хабар» арнасынан «ECO MEKEN» атты реалити-шоу көрерменге жол тартады

5 қыркүйекте «Хабар» арнасында «ECO MEKEN» атты еліміздегі алғашқы экологиялық реалити-шоу көрермен назарына жол тартады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа жоба «Хабар» агенттігі мен Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының қолдауымен түсірілген. Ток-шоуда 18 қатысушы табиғат аясында түрлі тапсырмаларды орындап, бас жүлдеге таласады. Ал жеңімпаз өзінің экожобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

«ECO MEKEN» қатысушылары - қарапайым азаматтар. Олардың жасы да, мамандығы да әртүрлі. Бірақ мақсаты бір. Бұл экологиялық проблемаларға назар аударту және 10 миллион теңгені жеңіп алу. 

Хайрулла Қайратғали, ӨКМ операторының стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директоры:

- Бұл жердегі біздің негізгі мақсатымыз - Қазақстан халқының экологияға назарын аудару. Қазіргі таңда 3500 полигон болатын болса, олардың тек 18% ғана қолданыстағы заңнамаға сәйкес келеді. Ал қалғандары қазіргі таңда рұқсат құжаттары жоқ.

Жобада пластмасса, шыны, қағаз қалдықтарын қалай өңдеп, олардан қандай өнім алуға болатыны баяндалады. Сондай-ақ ток-шоуға қатысушылардың бас жүлде үшін талас-тартысы мен шытырман оқиғалары шынайы түрде көрсетіледі. 

Хайрулла Қайратғали, ӨКМ операторының стратегиялық мәселелер бойынша басқарушы директоры:

- Біз Қазақстанның барлық аймағында түсіруге тырыстық. Қазақстанның көрікті жерлері өте көп. Бір кезең екіге бөлінеді. Біріншісі, сол қалдықты жинап, одан өнім шығару болатын болса, екіншісі - біздің әсем табиғатымызды көрсету.

Әрбір қалдықтан пайдалы өнім шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін тек қоқысты сұраптау керек. Ал оны ақшаға айналдыру жолдары жайында «ECO MEKEN» жобасында айтылады. «Хабар» агенттігі мен ӨКМ операторының бірлескен жобасын 5 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Ғазиза Мұхамеджанова, Ержан Рахманбердиев