Вакциналарға байланысты адамдардың өмір сүру ұзақтығы азаяды – жалған ақпарат

Танымал қазақстандық Telegram-чаттарға қатысушылардың пікірінше, кез келген вакцина адамдардың өмір сүру ұзақтығын қысқартатын нағыз жаман нәрсе. Бұл теория дұрыс емес және статистикаға қайшы келеді, деп хабарлайды stopfake.kz.

Вакциналарды әзірлеу және оларды жаппай қолдану диагностика, емдеу және жалпы медицина әдістерін дамытумен қатар, керісінше, адамның өмір сүру ұзақтығын арттыруға септігін тигізеді.

Статистикалық мәліметтер де осыны дәлелдейді. Мысалы, 1800 жылы әлем бойынша адамдар орта есеппен 29 жасқа дейін өмір сүрген. 1950 жылға қарай бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. АҚШ, Канада және Австралияда орташа өмір сүру ұзақтығы 68-69 жас, Кеңес одағы елдерінде 54-тен 59 жасқа дейін болды. Африка елдерінің басым бөлігінде адамдар орта есеппен 33-38 жасқа дейін өмір сүре бастады.

2015 жылы әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 71-ге жетті.

Әлемдегі алғашқы вакцинаны 1796 жылы доктор Эдвард Дженнер әзірлеген. Ол шешек ауруынан қорғады. 1800 жылдардың басында көптеген елдерде жаппай вакцинация басталды. Бүгінгі таңда вакцинаның арқасында шешек ауруы толық жойылған болып саналады.

Вакцинацияның арқасында сіреспе, полиомиелит, көкжөтел және т.б. аурулардың сырқаттанушылығы және ауыр салдары едәуір азайтылды.

Медицинаның дамуы және әлем бойынша жаппай егу науқандары өмір сүру ұзақтығын арттырудың негізгі факторы болып табылады. Бұл балалар мен сәбилер өлімін едәуір төмендетуге елеулі септігін тигізді. Бұған адамдардың өмір сүру деңгейінің артуы және табыс деңгейінің ұлғаюы да әсерін тигізді.

Мұның барлығы әлемде бірінші вакцина әзірленген сәттен бастап осы күнге едйін әлем бойынша өмір сүру ұзақтығы төмендемей, үздіксіз артып келе жатқанын дәлелдейді. Вакциналар адамзатты жою немесе басқа да құпия мақсаттарды жүзеге асыру үшін емес, өмірге және денсаулыққа қауіпті аурулармен күресу үшін жасалады. Бұған қарсы пікірді қолдайтын қастандық теорияларын біз бұған дейін бірнеше рет жоққа шығарған болатынбыз.