Петропавлда сұйытылған газ тапшы

Еліміздің солтүстігінде сұйық отын тапшы. Жүргізушілер бірнеше күннен бері газ іздеп сабылып жүр. Шағын газ құю бекеттері жұмысын тоқтатқан. Ал ірі станцияларда  талонмен беріліп жатыр. 

- Все в городе объехал заправки. Вот только на этой есть газ.

Қалтаға қолайлы деп көлігін газға ауыстырғандар қазір көгілдір отын таппай сенделіп жүр. Метанды іздеп мезі болғандардың қатарында қоғамдық көлік жүргізушілері де бар.

Олар: «Шаһарды шарлаумен шаршадық», - дейді.

Сергей Яловничий, жүргізуші:

- Бүкіл қаланы айналып келе жатырмын. Станциялардың көбі жұмыс істемейді. Қазір бір сағаттан кейін ауылға жолға шығуым керек. Ол жақта не болып жатқаны белгісіз. Ал бензинмен жүру қымбат.  

Бекеттердің көбінде қазір «Газ жоқ» деген жазуды көресің. Тек ірі компаниялар ғана талонмен босатып жатыр. Бір литрі 81 теңге.

Александр, газбен жабдықтау компаниясының жүргізушісі:

- Барлық элеваторлар газбен жұмыс істейді. Қазір орақ науқаны, астық кептіру керек. Олар жоқ дегенде 60 тоннадан алады. Оның үстіне әу баста келісім жасалған. Егер оны орындамасақ, біз жауапқа тартыламыз.

Ия, айтуларынша, бұл мәселе орақ науқаны басталғанда жылда қайталанады. Сондықтан өңірдегі газ операторлары халықты сұйық отынмен толық қамти алмай отыр. Бірақ жауаптылар мәселе жақын күнде шешіледі деп сендірді.

Ерлан Қайырбеков, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Министрлік бекіткен ережеге сәйкес, қазір сұйық отынның 60 проценті электронды түрде бөлінеді. Сәйкесінше біздің операторлар тиісті көлемді алып үлгермеді. Сондықтан біз жоғары жақтағыларға шығып, тағы сұрау салдық. Сәтін салса жақын күндері 1,5 мың тонна газ өңірге жеткізіледі. Бұдан бөлек қыркүйек айының соңында қосымша тағы мың тоннасын бөлуді комиссия қарастырып жатыр.  

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасындағылар Ақтөбе мұнай өңдеу зауытынан 2-3 күнде газ жеткізіледі деп отыр. Айтуларынша, әзірге өңірде бұл отынның 1300 тонна қоры бар. 

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов