424,92 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысы Адаев ауылы жақын жердегі газ желісіне қосыла алмай отыр

  • 81
  • UPD: 22:24, 03.09.2021

Құбыр бар, бірақ газ жоқ. Қостанай облысындағы Адаев ауылының тұрғындары таяқ тастам жердегі газ желісіне қосыла алмай отыр. Көгілдір отынның игілігін көруге асыққан ауыл азаматтары ауыз судың да тапшы екенін айтады.

Александр Антипин көгілдір отынның жоқтығынан жылда отын жарып, күл шығарудың машақатымен жүреді. Ауылдықтардың бәрі осы азапты тартып отыр.  

Александр Антипин, Адаев ауылының тұрғыны:

- Қыста баспананы қараусыз қалдыра алмайсың. Үнемі пеш жағып жылытып отыратын адам болуы керек. Әрине мұның бәрі ыңғайсыздық тудырады. Тіпті қалаға көшеміз бе деген ойымыз да болған. 

Аудан орталығы мен Алтынсарин ауылын жалғайтын газ магистралінің құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаға сәйкес, Бестөбе және Адаев елді мекендері де көгілдір отынға қарық болуы тиіс еді. Бірақ қос ауыл бойынша газ таратқыштардың сметалық құжаты әлі дайын емес. Құбыр іргеден өтсе де тұрғындар оның қызығын көре алмай отыр. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Ал құбырдың екінші ұшы осында жатыр. Мұндағы жұмыстар соңына дейін жеткізілмеген. Құбыр былтырдан бері қаңырап жатыр. Мердігер оны жермен көміп тастамақ түгілі ауылдың тура іргесінен өтетін негізгі магистральге қосуға жалқауланған сыңайлы. 

Тұрғындарды әбігерге салатын тағы бір мәселе - ауыз су. Жарты ғасыр бұрын салынған су құбырлары жаңартылуы тиіс еді. Бірақ қаржы тапшылығынан оның да құжаттары әлі мақұлданбапты. 

Қонысбай Көшкінбаев, Адаев ауылдық округінің әкімі:

- Судың жобалық-сметалық құжат мерзімі келер жылы аяқталады. Құрылыс жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайды. Сметалар күйіп кетуі мүмкін. Есесіне жылда құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. Мұның бәрі қосымша шығын ғой. 

Көгілдір отын мен орталықтандырылған судан тарлық көрген жұрт ауылдан көшіп, білікті маман қалмаған. Қазір Валентин Свиридовтың шаруа қожалығы кадр тапшылығынна тап болып отыр. Мал өсіруші, механизатор, агроном сынды 10-ға жуық маманға зәру екен. 

Валентин Свиридов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мыңға жуық ірі қара, 400-ге жуық жылқы өсіреміз. Малға қарайтын адам жоқ. Оқу бітіріп келген жастар ауылда тұрақтамайды. Қалаға қашады. Себебі пеш жағып, су тасығысы келмейді. Бұл үрдіс жалғаса берсе ауыл шаруашылығына үлкен қауіп төнеді.

Дегенмен, барлық мәселе қатаң бақылауда. Адаевқа көгілдір отын 2022 жылы міндетті түрде келеді. Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының жауабы осындай болды. Барлығы облыстық бюджеттік комиссияның шешіміне байланысты. Ал орталықтандырылған тіршілік нәрі бойынша соңғы нүкте әлі қойылмаған. 

Амангелді Исмаилов, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттама индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде. Жоба бойынша ұсыныс берілген. Жылдың аяғында белгілі болады. Қаражат бөлінетін болса, онда 2022-2023 жыл аралығында бұл жоба іске асырылады деген үміт бар.

Көпшілік суды да, газды да тағатсыздана күтіп отыр. Әйтпесе жастар туған жерден лайықты жұмыс тауып, оның көркеюіне үлес қосуға әзір.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы