Сырдарияның бөгелуі өзеннің Аралға құятын жеріндегі халықты алаңдатып отыр

Сыр өңіріндегі қуаңшылық салдарынан Сырдарияны бөгеуге тура келді. Өзен деңгейін көтеру арқылы Қамбаш, Ақшатау көлдерін толтырып, жайылым мен шабындық жерлерді суландыру жоспарда бар. Артылған су «Аспай» су ағытқысы арқылы теңізге жетеді. Мамандар осындай шешімге келген. Дегенмен, дарияның Арал теңізіне құяр тұсындағы елді мекен тұрғындары бұған алаңдаулы. Төмендегі көлдерге су жетпей, мал азықсыз, теңіз балықсыз қалуы мүмкін дейді олар. 

Сырдарияның төменгі сағасындағы Бөген, Қарашалаң, Қаратерең секілді елді мекен халқы ертеден мал бағып, балық аулауды кәсіп еткен. Биылғы құрғақшылық жерді әбден қуартып жіберді. Көлдерге су жиналмады.

Жиын-терім басталып, өзеннің деңгейі көтерілген сәтте «көлдер толар ма» деп, мұндағы ағайын үміттенген еді. Алайда су келмей жатып дарияның  бөгелгенін естіген ауылдықтар «жағдайымыз нашарлай ма» деп алаңдап отыр.

Жеткербай Иманәлиев, Қаратерең ауылының тұрғыны:

- Әсіресе мына Аралдың бойы сол теңіз ғой күн көріп отқаны. Балық болмаса, халықтың күйі кетеді.

Мінажат Биманов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

- Бізге қарай екі шлюз бар екен. Диаметрі 70-80 сантиметр ғана. Одан әзір су ақпайды. Сонымен ылдидағы халық, Бөген, Қаратерең жалпы теңізге қарай су ақпайды. Осы тұрғанда дарияға су келіп жатыр. Бірақ бізге әзір су бермей малдарымыз қаталап жатыр. Су жоқ, мал ішетін су жоқ.

Бұрмақұлақ бөгеті салынып, Аспай су ағытқысы қайта іске қосылғаннан кейін 3-4 жылдан бері су келмей, иістене бастаған Қамбаш көлі қайта кемеріне келе бастады дейді мамандар. Балық шаруашылығында маңызы зор Ақшатау көлдер жүйесінің де тіршілігі жандана түскен.

Еркін Әбішов, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- 2,5 метр биіктіктегі су ағытқысына, 1,5 метр биіктікте су барып асылып тұр. Алдағы 2-3 күндікте Аспай су ағытқысынан толық су өтеді деп жоспарлап отырмыз. Дарияның деңгейі бөгегеннен кейін көтерілді. Қазір 54-отметкадағы каналдар су алып жатыр. Жасұлан, Қуалы, Ақшақыз каналдары мен Ақшатау, Қамбаш көлдер жүйесіне су келіп жатыр. Шөп, шабындық, жайылымдық жерлерге су апару жұмыстары өз деңгейінде басталғанын білдіреді.

Мамандар төмендегі көлдерге де санаулы күнде су жетеді деп сендірді. Бұл мақсатта тиісті зерделеу және жан-жақты есептемелер алдын ала жүргізілген.

Сейілбек Нұрымбетов, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы:

- Қазіргі уақытта Қазалы су торабынан 60 текше метр төменге су тасталып жатса, келіп жатқан судың есебінен асып өтетін су ағытқысы – Аспай арқылы судың деңгейін көтеріп, көлдерге су шығару. Қалған су дария арқылы Ақлақ су торабына дейін барады. Ақлақ су торабының алдында 5-6 негізгі ірі көл бар. Мұз қатқанға дейін негізгі көлдерге су алып үлгіреді.

Мұнан бөлек ауданда су ұңғымаларын қазу, су арналарын тазалау жұмыстары да басталып кеткен. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Дария деңгейінің төмендеуінен Арал ауданындағы ең ірі су айдындары Қамыстыбас және Ақшатау көлдері жағалаудан 200-300 метрге дейін алшақтап кеткен болатын. Соның салдарынан жайылымдар мен шабындықтардың күйі кетіп, мал азықсыз қалды. Айтулы мәселені шешу үшін ауданда су арнасын дария деңгейінен де тереңірек қазу жұмыстары қолға алынған болатын. Соның ең алғашқысы – мына Бектау каналын қазу жұмыстары алдағы 20 күннің шамасында аяқталады деп жоспарланған. 

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Байділдаев