Қарағанды облысында жаңа кен орындарын іздеуге озық технология қолданылды

Жезқазған өңірінен көлемі жағынан қазіргі кен орындарынан кем болмайтын тағы да пайдалы қазбаларға толы орындар табылуы мүмкін. Небәрі 4 айға жуық уақыт бұрын құрылған «Qazaq Geophysics» компаниясы бұл тарапта ғылыми-зерттеу жұмыстарын бастап кетті. Бұл мақсатқа тіпті әлемде теңдесі жоқ канадалық құрылғылар мен мамандар тартылған. 

Тікұшақ, датчиктерге толы шар. Қосақталған аппаратты аспанға ұшыру нәтижесінде аэрогеофизикилық зерттеулерді бұрын-соңды болмаған 1,5-2 шақырым тереңдікке дейін барлап көру мүмкіндігі пайда болды. Құрылғының ерекшелігі жер қабатынан шамамен 150 метр биіктікте ұшып өтіп, барынша нақты мәліметтер алады.

Олег Бабишин, Expert Geophysics Limited компаниясының аға оператор-геофизигі (Канада):

- Бұл теңдесі жоқ жүйе. Аппарат зерттеліп жатқан жер шарының барлық сигналдарын көшіріп, индукциялық токтарды есептей келе, пайдалы қазбалардың бар-жоғын, көлемін анықтай алады. Егер жақсы нәтижелер болса, онда келесі кезеңге, яғни бұрғылау жұмыстарына кірісуге болады. Бұрын бұл жұмыстарға өте көп уақыт кетсе, қазір бірер мезетте атқару мүмкіндігі туды.

Бұрын бұл алқап дрондармен де зерттелген. Бірақ олар көлемі шағын болғандықтан жер қаптарына терең еніп, ақпарат бере алмаған. Енді жаңадан құрылған «Qazaq Geophysics» компаниясы әлемдегі ең жаңа құрылғыларды тартып, жерасты, аэро, геофизика төңірегінде тың жұмыстар жүргізбек.

Ғалым Нұржанов, «Qazaq Geophysics» ЖШС Бас директоры:

- Мұндай технология бойынша Қазақстанда ешкім әлі жұмыс істеп көрген жоқ. Жаңа технология. Әр жаңалықтың өзінің бір құпиясы болады. Соны біздің канадалық әріптестеріміз ашып көрсетіп отыр, қандай уақытта қандай жұмыс жасау керегін. Соның бәрін жаңа мамандар үйреніп, өздеріне сіңіріп, болашақта ешкімнің көмегінсіз әрі қарай іске асыруға дағдыланып жатыр. 

Жезқазған өңірінде соңғы кешенді зерттеу жұмыстары тек 1974 жылдары болған. Енді жаңадан құрылған «Qazaq Geophysics» компаниясы жыл соңына дейін Жезқазған өңірінде толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков