Павлодарда атышулы оқу орталығына инвестор іздестіріліп жатыр

Екібастұз қаласындағы атышулы оқу орталығының тағдыры әлі күнге дейін шешілмей келеді. Әзірге 45 мың шаршы метрлік аумағы бар ғимарат бос тұр.

Кеншілер шаһарының әкімі Ардақ Қаңтарбаевтың айтуынша, әзірге нысан облыстық құрылыс басқармасының иелігінде. Алдағы уақытта аймақтағы білім беру басқармасына берілмек.

Айта кетейік, биыл елдегі отын-энергетика саласына мамандар даярлауға арналған орталықты жергілікті Торайғыров университінің қарамағына беру жөнінде сөз болған. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Енді жаңа жекеменшік инвестор іздестіріліп жатыр.

Еске сала кетсек, 13 оқу корпусынан құралған орталықтың құрылысы 2009 жылы басталған. Жобадағы шикіліктердің салдарынан ғимарат құрылысы созылып, кейін дренаж жүйелерінің жоқтығы анықталды. Соның кесірінен алып кешеннің жер-төлелері суға толып, бұзыла бастады. Кейін қыруар қаржы жұмсалып, нысан қалыпқа келтірілген еді. Бірақ жағдай сонда да оңалар емес.

Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:

– Орталықтың құрылысы жылдар бойы аяқсыз қалып келді. Кейін облыс өз иелігіне алып, нысанды қайта жөндеді. Алдағы уақытта құзыреттілік орталығы ашылады. Энергетика саласына арналған мамандар даярланады. Екібастұз қаласының 2025 жылға дейінші даму жоспарына сәйкес аймағымызда бірнеше зауыт салынбақ. Ол үшін білікті кадрлар керек. Сондықтан, орталық міндетті түрде ашылады. Алайда, оның тағдыры әзірге шешілмеді.