425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кәсіпкер Құмкөлде күрес залын ашып берді

  • 125
  • UPD: 09:10, 04.09.2021
Кәсіпкер Құмкөлде күрес залын ашып берді

Құмкөл ауылында кәсіпкер күрес залы мен мектептің еңбек кабинетін жабдықтап берді. Бұрын жөндеу көрмеген ескі ғимарат ішіне заманауи құрал-жабдықтар орнатып, жарқыратып қойған. Ал ауылдың қарадомалақтары болашақта қазақ елінің байрағын биікке көтеруге уәде етіп отыр.

Құмкөл ауылында Қазақ күресі үйірмесі осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған еді. Оған жаттықтырушы да бекітіліп, ынталы балалар көбейген. Дегенмен, жаттығатын залдың жөндеу көрмегеніне бірталай уақыт болыпты. Енді міне «Туған жерге тағзым» акциясы аясында осы олқылықтың орны толып, ауыл халқы қуанышқа кенелді.

Ержан Тоқан, оқушы:

– Осы күреске қатысып жүргеніме 2-3 жылдай болып қалды. Күрестегі мақсатым – облыс, аудан чемпионы және де республика чемпионы болу. Айбек Нұғымаров ағамыз сияқты әлем чемпионы болып, қазақ елінің туын көкке желбіреткім келеді.

Ерзат Кәрімов, жаттықтырушы:

– Жылдан жылға Қазақ күресінің дәрежесі өсіп келе жатыр. Біздің палуандар да жақсы. Қазіргі уақытта 35-40 баладай жаттығу жасайды осы залда. Алла ақласа, осы қыркүйек, қазан айларында залда күрес жарысын ұйымдастырмақшымыз.

Күрделі жөндеуден өткен күрес залында жасөспірімдерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Жұмсақ кілемшеден бөлек, жуынатын орын, жаттығу бұрышы спортшыларды жеңістерге жетелейтіні сөзсіз. Ауыл мектебіндегі еңбек кабинеті де қайта түрленіп, жаңаша кейіпке енді. Мұнда да қыз балалардың қолөнер мен жаңа технологияларды игеруіне жол ашылған.

Бақытгүл Бияшқызы, ардагер ұстаз:

– Адамды адам еткен еңбек демекші, еңбекпен келеді барлық жеңістер, табыстар. Сондықтан бұл еңбек кабинетінде балаларға кәсіптік бағдар беруде. Олардың ерте мамандық таңдауында , содан кейін өмірге бейімделіп, жақсы өмір сүруге, ел экономикасын көтеруге, халық шаруашылығын дамытуға үлесін қосады.

Осылайша жаңа күрес залы мен еңбек кабинеті ауыл мектебінің еңсесін тіктеп, ұстаздар шығармашылығына дем беріп отыр.

Айбек Нұғымаров, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Жақсылық ағамыздың бір сөзі біраз жігітке әсерін тигізді деп ойлаймын. «5 ауыл бар шығар, 5 мың ауылдан 5 мың жігіт шығатын болса сол ауылды көтеретін болса, қазақ Елі алдыңғы қатарлы үлкен дамитын мемлекеттің бірі болады»,-деген. Расында да сол ағамыздың бір ауыз сөзі қаншама жүрегінде қазақ деп, ел деп соғатын азаматтарға қамшы салды деп айтуға болады.

Жандос Тұрсынғали, кәсіпкер:

– Бүгінгі іс шара бүгін ғана туған ой емес, бұл біраз жыл болған, ой елегінен өткен шаруа. Осы ауданымызға, елімізге, туған жерімізге тағзым жасап, ел спортын дамыту, бұқаралық спортты дамыту Президентіміз жолдауында да айтылды. Бұл жобалар, бұйырса, жалғасын табады, осы күрес залының алдын келесі жылы абаттандыру мәселесіне көңіл бөлеміз.  

Былтыр ғана ауыл мектебінің түлектері жаңа саябақ пен мектеп алдына қарағай ағаштарын отырғызып беріпті. Енді бір топ белсенді жас көшелерді көркейтіп, жарықтандыруға да өз үлестерін қосуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

 

Хабар 24 телеарнасы