425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанайлық диқандар орақ науқанына жұмсаған шығындарын қалай өтейтінін білмей дал

  • 128
  • UPD: 21:02, 04.09.2021

Қуаңшылық Қамысты ауданының алқаптарын биыл аямады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде сәуірден бастап бір тамшы жаңбыр жаумаған. Соның салдарынан егін түсімі былтырға қарағанда екі-үш есе аз.

Бигелді Күзембаев комбайнды 12 жыл бойы тізгіндейді. Былтыр тәулігіне 15 тонна астық оратын. Қазіргі көрсеткіші бұдан бес есе төмен. Шаруа қожалығы озат жұмысшыларды әркез ынталандырады. Қамбаға құйған жүз тонна бидайға бір тоннасын тегін береді. Былтыр жеті тонна пайда тапқан Бигелді осы маусымда соның жартысын ғана иемденген.

Бигелді Күзембаев, механизатор:

– Шөптің өзі өсіп жатыр. Жаңбыр жоқ. Амал жоқ. Қайтеміз? Жұмыс істеу керек. Жинау керек. Нанның бәрін қай жаққа тастайсың? Орып алу керек. Обал емес пе?!

Қамысты ауданындағы шаруа қожалығы 10 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Күзгі жиын-терім оңайға соқпай, орасан шығын әкеліп жатыр.

Валентин Свиридов, шаруа қожалығының директоры:

– Егін түсімі өте аз. Гектарына 5 центнерден айналып жатыр. Үш мың гектардай ауыспалы және жыртылған алқабымыз болмаса, осындай нәтижеге қол жеткізбес едік. Ал қалған жерлерден 3 центнерден ғана алдық.

Орақ науқаны аяқталуға жақын. Астық өнімділігі үш есе төмен болғанымен, сапасы жоғары. Бірақ бұдан фермерлердің ұтуы екіталай.

Александр Антипин, шаруа қожалығының бас агрономы:

– Қанша жерден сапалы өнім жинасаң, оған лайықты баға белгіленбеген. Осынша тоннасын қамбаға құйсаң, сонша ақша төленеді. Бұл дұрыс емес.

Қамыстыда жалпы саны 88 ірі және шағын шаруа қожалығы бар. Олар жыл сайын 300 мың гектарға дәнді-дақылдар егеді.

Сәкен Сейдалин, Қамысты ауданы әкімінің орынбасары:

– Орақ науқанын әдеттегі мерзімнен екі аптаға ерте бастадық. 70 проценттен астам егіс алқабы орылды. Орташа гектар шығымдылығы 3 центнерге жетпейді. Жаз бойғы аптап ыстық егінді қуратып жіберді.

Биыл аудан бойынша жалғыз фермер егіс алқабын сақтандырған. Себебі дені жұмсалған шығынды осындай әдіспен қайтаруға болатынына күмәнмен қарайды екен.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы