Түркістан облысында жергілікті маңызы бар жолдардың үштен бірін қайта жөндеу керек

Түлкібас ауданында бұл мақсатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаржыға республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бөліктері жөнделеді. Сонымен қатар ауылдық жердегі көшелер де орташа жөндеуден өтеді.

Бұл Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылына қарасты Жанкент мөлтек ауданы. 10 жыл бұрын құрылған жаңа құрылыс алабы. Бұрын мұнда асфальт мүлдем болмаған. Тұрғындар көктем, қыс мезгілдерінде қатты қиналғандарын айтады. Әсіресе, жаңбырлы күндері балаларымыз батпаққа батып, мектепке бара алмай қалатын дейді. Тұрғындар әкімдікке өтінішпен шығып, биыл жеті көшеге асфальт төселіп жатыр.

Сәкен Ибрагимов, Жанкент мөлтек ауданының тұрғыны:

– Бұл жерде жолымыз өте нашар еді. Лай, батпақ еді. Балабақшаға бара алмайтын. Көліктер тығылып жүре алмайтын. Былтыр күзде тас төседі. Жаман емес, биыл көшемізге асфальт төселіп жақсы болып жатыр. Енді аяғымыз шаң болмайтын шығар.

Жалпы Түлкібас ауданында 554 шақырымды құрайтын 486 көше бар. Оның 58-сы республикалық, 256-сы облыстық және 90 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Қазір осы 486 көшенің 67 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Биыл аудан аумағында алдымен халық көп шоғырланған ұзындығы 35 шақырымды құрайтын 22-і көше жөнделуде. Сонымен қатар Жанкент және Жайлау мөлтек ауданындағы көшелер де ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстар қараша айына дейін толық аяқталады. Сол кезде елді мекендердегі ішкі көшелердің қанағаттанарлық жағдайы 84 пайызға жетпек.

Марат Жанесен, аудан әкімінің орынбасары:

– Биылғы жылы 9 көшеге аудандық бюджеттен 147 млн қаржы, облыстан 170 млн теңгеге 5 көше және республикалық бюджеттен «Ауылым – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 470 млн теңге қаржы бөлініп, барлығы 756 млн-ға жұмыстар жүргізілуде.

Нақты айтқанда, облыстық маңызы бар 71-ші жолға 356 млн теңге қаралып, қазір орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал аудандық маңызы бар Тастыбұлақ-Қожамберді жолын қалыпқа келтіру 3 жылға жоспарланған. Жолға жауапты мамандардың айтуынша, Түлкібас ауданындағы жолдарды қалпына келтіруге барлығы 1 млрд 400 млн теңге бөлінген. Ал Түркістан облысындағы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 35 млрд теңге қаржы қаралған. Оған 621 нысан мен ұзындығы 1 мың 600 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер жөнделеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы