Атырау облысының мектептеріне дабыл түймелері орнатылып жатыр

Жаңа жүйе арқылы білім ошақтары кез келген оқыс оқиға кезінде тәртіп сақшыларын жедел шақырта алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал қызылордалық ювеналды полиция инспекторлары мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушыларына жолда сақ жүру сабақтарын өткізуде. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке құрамның 350 қызметкері білім беру нысандары жанындағы жаяу жүргіншілер жолағын күні бойы күзетеді.

Дереу көмек шақыртатын «Дабыл» жүйесі мұнайлы шаһардың 17, ал Құлсары қаласының 10 мектебіне орнатылыпты. Сондай-ақ ерсілі-қарсылы көлік ағылған көшелердегі жаяу жүргіншілер жолағына оқушылардың сұлба-макеттері қойылып жатыр. Бұл шаралар облыс орталығынан бөлек аудандарда да жалғасын таппақ.

Мырзалы Өтеғалиев, ОПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары:

– Оқушылар бейнеленген 4 макет Атырау қаласы бойынша орналастырылуда. Қазіргі уақытта Бейбарыс көшесі, Владимирский көшесі, Сәптаев, Баймұқанов көшесі тұстарындағы мектеп тұстарында орналастырып отыр. Орналастыру мақсаты – жүргізушілердің назарын аударту, жақын маңда мектептің бар екені, сонымен қатар оқушылардың жолдан жүгіріп шығатын қаупі бар екенін ескерту.

«Абайлаңыз, балалар!» акциясының шеңберінде таңсәріден тас жолдың бойынан табылатын қызылордалық полицейлер де жаяу жүргінші жолағынан оқушыларды қолынан жетектеп өткізіп жүр. Мектепке дейін жол-жөнекей жас өренге сақтық шараларын түсіндіре кетеді. Жаңа оқу жылы дәстүрлі форматқа көшетінін естігеннен бастап тәртіп сақшылары қаладағы аялдама, көліктердің айналу алаңқайлары, мектепалды мекемелердің маңындағы жол белгілері мен жол үстіндегі сызбаларды мұқият тексеріп шықты. Нәтижесінде білім беру ұйымдарының тұсында орналасқан техникалық құралдардың біразы жарамсыз екендігі анықталды.

Азамат Оспанов, ҚПБ бастығының бірінші орынбасары:

– 61 жаңа жол белгісі орнатылды. Және де 45 жол белгісіне өзгертулер жүргізілді. 96 жаяу жүргінші өткелі сары-ақ түске боятылып, барлығы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ өңірде «Учаске» профилактикалық шарасы бастау алып, аймақтық полиция инспекторлары үй-үйді аралап, балалардың тұрмыстағы қауіпсіздігін де бір тексеріп шығуға кірісті.

Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев