Алматыдағы Ақжар ықшам ауданының тұрғындары кәріз жүйесіне қосыла алмай отыр

Алматыдағы Ақжар ықшам ауданының тұрғындары үйлерін былтыр тартылған кәріз жүйесіне қоса алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді жерді әркім өз бетінше қазып, су құбырын жарып аламыз ба деп алаңдайды. Ал әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жеке баспананы кәріз жүйесіне қосып беру жобада қаралмаған. Сондықтан баспана иесі өзі ақша шығарып, құбырды жалғап алуы тиіс.

Ақжар ықшам ауданы 2014 жылдан бері Алматыға қарайды. Бірақ ондағы жұрт өздерін қалада тұрамыз деп есептемейді. Себебі бізге өркениеттің ауылы алыс дейді. Расымен де тұрғындар бірнеше жыл өтсе де, түйткіл мәселелерін толығымен шеше алмай келеді. Елді мекенге былтыр әупірімдеп кәріз жүйесі тартылған еді. Бірақ әлі іске қосылған жоқ.

Күміс Базарбаева, қала тұрғыны:

– Ал әкімдіктен сұрағанымызда, олар мұны өздерің жасауларың тиіс деді. Яғни кәріз құдығынан үйге дейінгі аралыққа құбырды өзіміз салуға тиіс екенбіз. Осындағылардың бірде-бірі нақты құрылыс талаптарын білмейді. Қандай құбыр қойылуы керек? Ол қандай жобамен жасалады? Бұл туралы бізге ештеңе айтпады. Кейін дұрыс болмай қалса, екі жұмыс болады ғой.

Қажымұқан Сопыбеков, қала тұрғыны:

– Бұрылыста көп үйлер бар. Сол жаққа қарай жобада жоқ. Сіздерге тартылмайды деді. Сіздер өз ақшаларыңның есебінен сол жаққа апару керек дейді. Біз үйге кіргізіп бер деп тұрған жоқпыз. Бізге жұрттыкіндей мына араға әкеп берсе, үйге өзіміз кірігіземіз ғой.

Әзірге ақжарлықтар лас су қалдығын жинауға шұңқыр қазып, соны қолданып отыр. Бұл санитарлық талаптарға сай келмейді. Ал осы мәселелерді шешуге «Ақбұлақ» бағдарламасы біраз ықпал етіпті. Бастапқыда кәріз жүйесін үйге дейін тарту қаралғанымен Ақжарға келгенде жобаға кірмей қалған.

Өркен Қодаров, Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ол жобада қарастырылмаған. Өйткені біз 16 жылы Қалқаман ықшам ауданында «Ақбұлақ» бағдарламасымен су және кәріз құбырын салу барысында кемшіліктер орын алдық. Сол себептен әркімнің өзінің ыңғайына байланысты жақын мемлекеттік жобадан өтіп шықты. 2015 Ал кәріз құбырын әркімнің өзінің үйінің деңгейінің орналасқанына байланысты өз күшімен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын болады.

Мұнда ауыз су мен жол мәселесі де шешімін таппаған. Тұрғындар комиссия мен қала әкімі келгенде ғана су ағады дейді. Әкімдік бұдан хабардар. Айтуларынша, бұл мәселе тек су сүзгіш станциясының құрылысы аяқталғанда ғана шешілмек. Шағын ауданда «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясындағы жұмыстар 80 процентке аяқталды. Үй иелері кәріз жүйесіне түгелдей қосылған кезде жолды асфальттап беруге дайынбыз. Жобаға кірмей қалған қысқа көшелерді де мердігерге айтып, су мен кәріз құбырына қостырамыз деп сендірді.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон