425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан облысына тау пістесі – фисташка қайдан келген?

  • 105
  • UPD: 10:39, 05.09.2021

Түркістан облысында ерекше жеміс ағашы өседі. Жергілікті жұрт «тау пістесі» деп атап кеткен жаңғақ тұқымдас дәнді дақыл көпшілікке фисташка деген атаумен жақсы таныс. Бұл өнім елде тек Түлкібас ауданындағы Тау пістелі аймағында ғана өседі. Ол бұл жаққа, қайдан келді? Кім екті? Жергілікті тұрғындар оны неге киелі ағаш санайды?

Түлкібас өңірі - өзінің таңғажайып табиғатымен ғана емес, жеміс-жидек пен сан алуан өсімдіктерімен де ерекше. Тау пістесі мұндағы Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркіне қарасты Пістелі ауылы маңындағы таулы аймақтарда ғана өседі. Алайда оның мұнда қалай келгенін, кім отырғызғанын ешкім білмейді. Бойы 5-6 метр болатын жаңғақ тұқымдас ағаш 150-200 жыл өмір сүреді. Өзге дәнді дақылдардан ерекшелігі алғашқы жемісін тек 30 жылдан кейін береді.

Ералы Қаспақов, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің инженері:

- Толық піскен кезде жерге төгіліп, осы жерді мекендейтін аң-құстар да мұнымен қоректенеді. Ауыл тұрғындары бұрынғы ашаршылық заманда жеміс-жидек, азық ретінде пайдаланған. Ағаштарының қурағанын ғана отынға пайдаланып, қасиетті ағаш деп танып, өсіп-өнуіне үлкен септігін тигізген. Сақталуына да Сайрам-Өгем паркінің қызметкерлері атсалысып, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Тау пістесі тамыз айының соңы мен қыркүйектің орта тұсында піседі. Түлкібастық тау пістесінің Орта Азия елдерінде өсетін пістеден ерекшелігі көлемі кішірек келеді. Ал құрамы 2 есе майлы, яғни құнарлы. Дәмі тіл үйіреді. Осы Пістелі ауылында туып өскен белгілі жазушы Мархабат Байғұт тау пістесінің әлі де толық зерттелмей жатқанын айтады.

Мархабат Байғұт, жазушы:

- Мынадай жарып, тырнағыңызбен ашып жесеңіз дәмі керемет. Алайдың тау пістесі мұның қасында қалып кетеді. Дәмі, емдік қасиеті, жалпы сапасы жөнінен. Тау пістенің ең мықтысы осы. Мұны адам білмейді, журналистерге айтсаң басқаша жазып жібереді. Дәл осы жердің Тау пістесі бұл әлі жөнді зертелмеген, жан-жақты жазылып, насихатталмай жатыр.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи парк қызметкерлерінің айтуынша, Тау пістесінің көшетін алып өсіру өте қиын. Тек аталығы мен аналық бұтақтары қатар тұрғанда ғана гүлдеп, жеміс береді. Әр түптен шамамен екі-үш келі өнім алуға болады. Алайда мамандар соңғы уақытта парктің Көкбұлақ бөлімшесінде ғылыми жолмен жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жектізді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы