Көкшетаудағы көлік қозғалысын автоматты жүйе алақандағыдай етіп көрсетеді

Жол қауіпсіздігін жаңа технология бақылайды. Көкшетаудағы көлік қозғалысын автоматтандырылған жүйе алақандағыдай көрсетеді. Сол арқылы көлік кептелісін және басқа да жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік молайды. Бұл жүйеге 40 бағдаршам қосылған. «Ақылды қиылыстар» облыс орталығындағы қозғалысты реттейді.

Қазір 80 жол учаскесі заң бұзушылықтарды әп-сәтте тіркейтін «Интегро» жүйесімен жабдықталған. Айта кетерлігі, биыл аймақта жолдағы заңбұзушылықтар 10%-ке артқан. Сондықтан бақылау да күшейтіле түскен.

Аслан Қызбикенов, облыстық әкімшілік полицияның бастығы:

- Басты мақсатымыз жолдардағы көлік жүктемесін азайту. Бақылау күшейсе, қауіпсіздікті де қамтамасыз ете аламыз. Кешенді шаралардың арқасында оқыс оқиға кезінде арнайы көлік құралдарын кедергісіз өткізуге мүмкіндік артады. Мәселен, жедел жәрдем машиналары қиындықсыз жүре алады.