Талдықорған-Өскемен тас жолы құрылысы қайта жанданды

Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар «Талдықорған-Өскемен» тас жолының құрылысы қайта жанданды, деп хабарлайды Хабар 24.

Алматы облысының шекарасы мен Қалбатау ауылына дейінгі 454 шақырым жол инфрақұрылымды дамыту жөніндегі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр жөнделе бастаған. Алғашында қарқынды басталған жұмыс биыл шілде айында құрылыс материалдарының 30-50 процентке қымбаттауына байланысты іркіліп қалған еді. 

Асылбек Нұғманов, «Қазавтожол» ҰК АҚ ШҚО филиалы жетекшісінің м.а.:

– Өткенде репортаждар шығып, сәл тоқтап кішкене жұмыстың қарқыны құлап еді, енді қазір репортаждан кейін Үкімет басшысы мен министрлікпен шешілген шаруамен қосымша қаражат бөлінген. Соған байланысты Талдықорған-Өскемен жолында бағытында қайтадан жұмыстар басталып, жүргізіліп жатыр. Асфальт төсемдерін салып жатырмыз. бұйырса, қысқа дейін 85-86 процентке жеткіземіз бе деп ойлап тұрмыз.

Жарма ауданына қарасты Қапанбұлақ елдімекенінің тұсында осы жол учаскесінде әдетте қыс кезінде ауыр жүк көліктері мына жерге шыға алмай тайғанақтап, қиналушы еді. Енді міне, жолды қайта жаңғырту кезінде осы олқылықтың орнын толтыру үшін бұл жерде 13 метрге дейін тереңдетіліп, тау мен тас қопарылып, қазір 60 мың текшеметрге жуық тау жынысы сыртқа шығарылып жатыр.

Мұрат Будан, жоба жетекшісі:

–Бізде қазір субподрядчиктермен бірге 110 адам, 65 техника бар. Қысқа дейін иншАлла 15 шақырым жолдың бәрін асфальттап дайын етеміз. Мына жердің бәрі тау болған да, жарылыс жасадық. Шамамен 55-60 мың текшеметр аламыз, қазір де алып жатырмыз. Бір аптадан кейін землянкасы бітеді, ПГС, С-4, сосын асфальт дайын етеміз. Түркияда 3 ай қыстан кейін Наурыз келеді, мына жерде ондай жоқ. 6 ай қыс болады, 6 ай жаз болады. Мына жерде Қазақстанның ең суық жеріндеміз мысалы.

Әсіресе жұртты алаңдатқан Таскескен ауылы мен Аягөз қаласы аралығындағы 685-ші және 840-шы шақырым аралығындағы жолдың жағдайы еді. Осыдан бір ай бұрын жергілікті тұрғындар жұмыс тоқтап, техникалар қаңтарылып тұрғанына налыған.

Аслан Құсайынов, жол мекемесінің учаске басшысы

– Өзіміздің таныстарымыз, өтіп жатқан жолаушылар да сұрайды, жұмыстың қашан бітетінін. Қазір техника, адамдардың бәрін жұмылдырып, қарқынды істеп жатырмыз.  Неміс техникасымен жігіттер меңгеріп қазір өз жұмыстарын ұқыпты орындауда.

Талғат Қадыров, Жол мекемесінің инженері

– Екінші қабат ірі тасты қиыршық тастармен араласып, битумның құрамында тұратын екінші қабат асфальт салынып жатыр. Және де топырақ жұмыстары жүріп жатыр. Көпірлер жасалып жатыр, су құбырлары салынып жатыр. Демалыстан адамдар шақырылып, техника 80 процентке қосылды.

Жоба бойынша барлығы 406 су өткізгіш құбыр, 31 көпір салынуы тиіс. Тапсырыс беруші «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының мәліметінше, биылғы жұмыстар күздегі алғашқы салқын түскенше, яғни 10 градус аязға дейін жалғасады.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы